Қазақстан 34 мемлекетпен қылмыстық-құқықтық салада 72 екіжақты шарт жасасты
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша шет мемлекеттермен халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытындағы жұмыстарды жүргізуде, - деп хабарлайды Alashainasy.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда Қазақстан 34 мемлекетпен қылмыстық-құқықтық салада 72 екіжақты шарт жасасты. Олар:
- қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы;
- қылмыскерлерді ұстап беру туралы;
- сотталған адамдарды беру туралы.
Сонымен қатар Қазақстан құрамына Солтүстік және Оңтүстік Американың 27 елі кіретін 3 америкааралық конвенциялардың (ұстап беру туралы, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы, шетелде қылмыстық жазасын өтеу туралы) толық қатысушысы болып табылады.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының Жарлықтарымен Перу Республикасымен барлық шарттар, Малайзиямен ұстап беру туралы, Мысырмен қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы және ұстап беру туралы шарттар мақұлданған және қол қоюға дайын.
Парламентте Франциямен қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы және Өзбекстанмен сотталған адамдарды беру туралы шарттарды ратификациялау туралы заң жобалары қаралуда.
Мысыр және Израильдік әріптестермен сотталғандарды беру, Аргентинамен қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету және ұстап беру, Португалия, Словакия, Латвия және Иранмен қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы, ал Мароккомен барлық үш келісімге қол қою жөнінде келіссөздер жүргізілуде.
Қол жеткізілген құқықтық база және шетелдік әріптестермен орнатылған байланыстар қылмыстық-құқықтық салада тығыз ынтымақтасуға және қылмыскерлерді жазалаудың бұлтартпастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
2022 жылы іздеуде жүрген адамдарды ұстап беру туралы 50 сұрау салу шет мемлекеттермен қанағаттандырылған.
Мысалы, өткен жылы Бахрейн Корольдігінен кәмелетке толмағандар саудасына, атап айтқанда, қыздарды Қазақстаннан Бахрейнге жыныстық пайдалануға жібергені үшін күдікті А.Пичугина ұстап берілген.
Сол сияқты «РБК Банкі» АҚ-ның 15 млн. АҚШ долларынан астам сомасын ұрлады деген күдікті В.Власов, қаржы пирамидасын («Qi TRADE Kazakhstan», «Выгодные займы») құрғаны және басшылық еткені үшін іздеуде жүрген С.Абсаметова, Б.Томин және Е.Шарифуллин, сондай-ақ құрамында 1 млрд. теңгеден астам сомаға алтыны бар материалды қылмыстық топтың құрамында ұрлағаны үшін А.Тимаков Ресеймен ұстап берілген.
Трансұлттық ұйымдасқан топтың құрамында аса ірі мөлшерде алтын мен зергерлік бұйымдардың экономикалық контрабандасы үшін іздеуде жүрген Тастан Эбубекирді ұстап беру туралы сұраныс Қырғызстанмен қанағаттандырылған.
Атыс қаруын қолдану арқылы ауырлататын мән-жайларда кісі өлтіргені үшін іздеуде жүрген О.Иссалы мен Б.Исабеков Тәжікстаннан экстрадицияланған.
Алаяқтық жолымен 288 млн. теңгені ұрлық жасағаны үшін Қазақстанның құқық қорғау органдары іздеп жүрген А.Смалбаеваны Өзбекстан тарапы ұстап берген.
Оған қоса, Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде шетелден заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмыс жүргізуде, оған басшылықты Бас Прокурор жүргізуде.
Үкіметпен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі қосымша шаралар кешенін қамтитын заң жобасын әзірлеуде.