Аса ірі көлемде қаражат жымқырды деген айып тағылып қамауға алынған кәсіпкер Қайрат Боранбаев «бар шындықты айтуға» шешім қабылдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды.
«Достар, баршаңызға сәлем! Өздеріңіз білесіздер, 2022 жылдың 17 наурызында маған қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Бірақ бұл шара ұзаққа созылып кетті. Мен қазір 11 ай бойы қамауда отырмын. Осы уақыт ішінде мен туралы көп ақпарат айтылды. Олардың көпшілігі шындыққа жанаспайды, ұлғайтып көрсетілген. Сондықтан мен үнсіздікті бұзып, бәрін бір адамның аузынан айтуды жөн көрдім. Осы және барлық алдағы жазбаларды қызым жариялайтын болады. Мені мыңдаған адам қолдайтынын білемін. Қолдауларыңызға рахмет!», - делінген үндеуде.
Еске салайық, кәсіпкер Қайрат Боранбаев пен сыбайластары «QazaqGaz» компаниясына газ сату кезінде 14,6 миллиард теңгені иемденді деген күдікке ілінген. 10 қаңтарда Қайрат Боранбаев ісі бойынша куәгерлерден жауап алу басталған еді.