Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің Tik-Tok әлеуметтік желісін қолдануына тыйым салу ұсынылды.
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Аманжол Әлтай Премьер-Министрдің орынбасары А.Көлгінов пен Бас прокурор Б.Асыловтың атына сауал жолдады.
«Ұрпағына дұрыс тәрбие бере алмаған халық – тамырына құрт түскен ағаш секілді. Тамыры бүлінген ағаш шіриді, ұрпағы бүлінген халық іриді. Қыз тәрбие көрмесе арсыздыққа, ұл тәрбие көрмесе бассыздыққа бой алдырады. Дер кезінде шара қолданып, кеселдің алдын алмасақ халық тағдырын тығырыққа тірейтін азғындаудың келеңсіз көріністері күн санап көбейе берері сөзсіз. Жасөспірімдер арасында жантүршігерлік тосын оқиғалардың соңғы уақытта тым жиілеп кеткені – мектептерде, отбасында, бүгінгі қоғамда бала тәрбиесі мәселесі ақсап тұрғандығын көрсетеді», - деді Аманжол Әлтай депутаттық сауал жолдай отырып.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаты елде болған бірнеше оқиға негізінде мысал келтірді.
«Жанымызды түршіктірген, санамызды сілкіндірген Түркістандағы мектеп оқушысының өзекті өртер өкінішті өлімі, Қазалыдағы қатты соққылардан комаға түскен баланы айуандықпен жабылып тепкілеп жатқан жасөспірімдердің азғындық әрекеті, Өскемендегі топ құрып алып өрімдей қызды шешіндіріп қойып, аяусыз сабап жатқан тәрбиесіз қыздардың жиіркенішті әрекеттері – бүгінгі дабыл қағып сөйлеуімнің негізгі себебі», - дейді ол.
«Осы оқиғалар болған жерлердегі жауапты органдардың шындықты жасырып қалуға ұмтылуы халықтың наразылығын туғызып, көңілге үрей ұялатып отыр. Әлеуметтік желілерде ел дүрлгіп, жаңғырығы жалпақ жұртқа жайылғанда ғана ресми органдар тарапынан осы оқиғалардың ақиқаты айтыла бастады. Ал, осы іспеттес оқиғалардың қаншасы жабулы қазан күйінде қалып жатқаны бізге беймәлім», - деп толықтырды Мәжіліс депутаты.
Халық қалаулысы сөзін қорытындылай келесі мәселелерге назар аударуды сұрады:
1. Мейірімділікке, мемлекетшілдікке, ұлттық тәлім - тәрбиеге негізделген ұлттық идеология қалыптасуы тиіс.
2. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы «Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы» концепциясының негізінде, Үкімет аталған жұмыстарды пысықтап іске асыруы қажет.
3. Жалған қорытындылармен ахуалды ушықтырмай, кең көлемді әлеуметтік зерттеулер жүргізіп, балабақшадан бастап, ЖОО-ға дейінгі тәрбие жұмыстарының қаншалықты тиімді екені, қоғамдық - әлеуметтік ортаның қазіргі жағдайы және оның ұрпақ тәрбиесіне қалай әсер етіп жатқаны, отбасындағы тәрбие мәселелері жан - жақты, әрі шын бағалануы тиіс.
4. Ішкі істер министрлігі кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларының қызметін ұйымдастыру қағидаларын қайта қарау маңызды.
5. Оқу-ағарту министрлігі мектептерде мұғалімдер оқушыларға тек академиялық білім беріп қана қоймай, балаларға берген тәрбиесін де таразылау механизмдерін енгізген жөн. Әлеуметтік педагог, сынып жетекшісі қызметін ұйымдастыру қағидаларын қайта қарауы тиіс.
6. Қазақстанда балалар арасында шектеусіз қызмет жасап жатқан Tik-Tok әлеуметтік желісін кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер арасында тыйым салу керек.