Жылу маусымы қызған шақта әлеуметтік көмір бизнес иелеріне сатылған.
Мұндай деректер Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Алматы облыстарында анықталды. Бұл жөнінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрді Марат Қарабаев мәлімдеді. Ведомство жетекшісінің айтуынша, 400 мың тоннаға жуық көмір шетке кеткен. Әкімдіктер тарапынан тиісті бақылау болмағандықтан өңірлік операторлар қатты отынды цемент, кірпіш зауыттары сынды бизнес иелеріне сатып жіберген. Жалпы келесі жылыту маусымына көмір қажетті мөлшерде дайындалып қойыпты. Бұл шамамен 9 млн тонна. Дегенмен, қыста тапшылық болмас үшін Үкімет алдын ала бірқатар шектеу шараларын да қолға алған екен.
Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі: - Алдағы жылыту кезеңінде коммуналдық-тұрмыстық көмірдің жетіспеушілігін болдырмау мақсатында Министрлік көмір өндіруші кәсіпорындарды қоспағанда, көмірді автокөлікпен және теміржол көлігімен әкетуді шектеуге бағытталған алдын алу шараларын қабылдауда.