Бүгін Қазақстанның барлық өңіріндегі мектептерде соңғы қоңырау соғылып, биылғы оқу жылы аяқталды.
Алматы қаласы Әуезов ауданына қарасты №119 мектеп-лицейде аталмыш іс-шара жоғары деңгейде өтті. Салтанатты жиында алғашқы болып сөз алған мектеп директоры Батырбекова Жаныл Сатайқызы 2021-2022 оқу жылындағы оқу процесінде қалыптасқан бірқатар қиындықтар мен жеткен жетістіктерге кеңінен тоқталды. Мектеп бітіруші түлектерге алдағы емтихандарды өте жақсы деген бағаға тапсыруларына тілектестік білдірді. Сонымен бірге аудандық, қалалық, республикалық олимпиадалар мен өзге де жарыстардан, спорттық сайыстардан жүлделі орын алған оқушылар мен ұстаздарды марапаттады.
Бірінші сынып бүлдіршіндері қанат қағып ұшайын деп отырған аға, әпкелеріне өлең арнап, гүл шоқтарын беріп құттықтады. Басқа да өнерпаздар ән салып, би билеп соңғы қоңырауға арналған салтанатты жиынды қыздыра түсті.
Жиын соңында мектеп бітіруші түлектер естелік ретінде көгершін, шар ұшырып, алтын ұясымен қимай қоштасты.