Алматы облысының аудандарында 60-тан астам нысан заңсыз салынған, деп хабарлады Алматы қаласының прокуратурасы.
Бұл заңсыздық "Заңды жер" жобасы аясында анықталды.
"60-тан астам заң бұзушылық анықталды. Олардың ішінде жер учаскелерінің шекарасын негізсіз кеңейту фактілері де бар. Сондай-ақ елді мекендердің функционалдық аймақтарын өзгерткен. Бұл заң бұзушылықтар инфрақұрылымды, жолдарды, әлеуметтік объектілердің жүктемесін есепке алмай, бақылаусыз құрылыс салуға ықпал еткен", - деп хабарлады қадағалау ведомствосының баспасөз қызметі.
Алматы қаласының маңында заңсыз салынған құрылыстың аумағы 17 мың шаршы шақырымды алып жатыр. Бұл облыстың бес әкімшілік аумағын қамтиды.
Заңсыз құрылысқа жол берген Талғар, Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ және Жамбыл аудандары. Жергілікті билік 2010 жылы үкімет бекіткен құрылыс жөніндегі бас жоспарды елемеген.
Салдарынан мектептер, ауруханалар, балабақшалар мен саябақтар үшін қарастырылған жерлер тұрғын үй құрылысы мен коммерциялық нысандарға өзгертіліп, салынған.