«ӨКМ операторы» бойынша басты сот талқылауы қай күні өтетіні белгілі болды, деп хабарлайды kznews.kz сайты.
Істі Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 сотында судья Кемеңгер Иманшев қарайды. Судья алдын ала сот тыңдауы барысында басты сот талқылауы 17 сәуір сағат 10:00-де басталатынын хабарлады.
Сондай-ақ судья сотталушыларға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыру және кепілмен босату туралы өтінішін қанағаттандырмады.
Іс бойынша сотталушылар арасында бұрынғы экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, «ӨКМ операторы» ЖШС бұрынғы басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев, бұрынғы қаржы директоры Рустам Темірбек және «ӨКМ операторы» бұрынғы бас директоры – Украина азаматы Светлана Коротенко бар.
Олар «ӨКМ операторы» ЖШС-дан миллиардтаған қаржы жымқырды деп айыпталып отыр.
Сондай-ақ алдын ала сот тыңдауы барысында сотталушылардың адвокаты іс бойынша Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаеваны тергеуге шақыруды сұрады.
«Осы іс бойынша бұғатталған зауыт Назарбаеваға тиесілі. Ол заңсыз ақшаға салынғандықтан тәркіленуі мүмкін. Назарбаеваны іске қатыстырмай отыр. Алайда біз бірнеше рет одан жауап алуды сұрадық», — деді адвокат.
Айта кетейік, 2022 жылдың қаңтарында экология вице-министрі болған Ахметжан Пірімқұлов пен «ӨКМ операторы» ЖШС бұрынғы басшысы Медет Құмарғалиев қамауға алынды.