Оған бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлаған және игерген деген айып тағылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған соты Павлодар облысы ІІД бұрынғы бастығына қатысты екі істі қарады.
Сот 2021 жылы департамент 18 қызметтік жылқыға жем-шеп сатып алуға 60,9 млн теңге бөлгенін анықтады. Алайда ол норманы бұза отырып, нормадан тыс 10,7 млн теңгені жоспарлаған. Яғни 2022 жылы жем-шөпке 13,4 миллион теңге бөлінсе, 8,5 миллион теңге нормадан артық қосылған.
Сотта тиімсіз жоспарлау бюджет ақшасының тиімсіз жұмсалуына әкелді деген шешім шығарды.
«Облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысының кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалармен, тексеру актісімен, тексеру комиссиясының материалдарымен, айғақтармен және сот зерттеген басқа да дәлелдемелермен дәлелденген. Сот ҚР ӘҚБтК-нің 234-1 бабы бойынша айыпталушыға әр іс бойынша 214,4 мың теңге айыппұл салды», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, сот Павлодар облысы бойынша тексеру комиссиясына әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтыру кезінде процессуалдық нормаларды бұзғаны үшін жеке ұйғарым шығарды.