Қаскелеңде екі шетелдіктің мәйіті табылды
Қаскелең қаласында жеке үйлердің бірінен пышақ жарақатын алған екі ер адамның мәйіті табылды. Бұл туралы Instagram желісіндегі парақшасында Алматы облысының полиция департаментінің басшысы Бауыржан Әленов жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Аikyn.kz-ке сілтеме жасап.
26 маусым күні полицияға 1979 жылы туған азамат Қаскелең қаласында жеке үйлердің бірінен пышақ жарақаты бар екі ер адамның мәйіті табылғаны туралы хабарлаған.
Полицейлер қаза тапқандардың 1989 және 1996 жылы туған Тәжікстан азаматтары екенін анықтады. Қылмыс жасады деген күдікпен 1980 жылы туған сол республиканың азаматы ұсталды.
“Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің тұрған жерін анықтап, оны ұстады. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл факт ҚР ҚК 1-тармағының 2-бөлігінің 99-бабы бойынша аудандық полицияда тіркелді. Сот-медициналық сараптама тағайындаумен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жария етілмейді”, – деп жазды Алматы облысы полиция департаментінің бастығы.