Қапшағайдағы әскери бөлімде сарбаз көз жұмды
Қапшағай әскери бөлімінің сарбазы өзінің тікелей жауапты командирімен сөзге келіп, мерт болды, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Оқиға 28 қыркүйек күні болған.
«Казармалық ғимараттағы шаруашылық жұмыстар кезінде мерзімді қызмет сарбазы Н.Оразғалиев пен оқу бітіріп, Қарулы күштерге келісімшартпен келген кіші сержант Ж.Рамадин арасында кикілжің пайда болған. Мерзімді қызметтің қатардағы жауынгері Н.Оразғалиев бөлім командирі - келісімшартпен келген кіші сержант Ж.Рамадиннің бұйрығын орындаудан бас тартқан. Сол себепті Ж.Рамадин Н.Оразғалиевтың бетінен ұрған. Әскери қызметкер есін жоғалтып, Қапшағай қалалық ауруханасына жеткізілді және сонда көз жұмды», - делінген Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Аталған факт бойынша құқық қорғау органдары тексеру жүргізіп жатыр.