Соңғы жылдары Шығыс Қазақстан облысында техникалық мамандықтардың жетіспеушілігі байқалады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін өңірдегі техникалық жоғарғы оқу орындары «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының мектеп түлектеріне тегін білім беруге дайын. Өндіріс өрге басқан сайын өңірде білікті мамандардың да тапшылығы сезіле бастады. Әсіресе көлік құрастыру, тау-кен және химия саласындағы кәсіпорындар заманауи қондырғылармен жұмыс істей алатын жастарды қабылдауға дайын. Өңірдегі Дәулет Серікбаев атындағы мемлекеттік техникалық университетті бітіретін түлектер аздық етіп тұр. Сондықтан маман тапшылығын жою үшін мемлекет «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша техникалық жоғарғы оқу орнына биыл 450 грант бөлді. Бұл гранттар тек оңтүстіктегі 4 облыстың мектеп бітірушілеріне беріледі. Жақсыкелді Нәзбиев, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ проректоры: - 450 оқушыны қабылдап, су жаңа жатақхана салып жатырмыз. Аманшылық болса, 1 қыркүйекке дейін іске қосамыз. Қазір оларды 23 мамандық бойынша қабылдаймыз. Төртінші курсқа көшкен Әйгерім Асанова Қызылорда облысының түлегі. 3 жыл бұрын грантқа ие болып, Шығыс Қазақстан техникалық университетін таңдаған. Бүгінде баспа ісі бойынша білім алып жүр. Мемлекеттік грантпен білім алатын студенттер үшін облыстағы жоғарғы оқу орындарының ғылыми базасы барлық талапқа сай. Шәкірттер теория мен тәжірибені қатар меңгереді. Түрлі зертханалық ғылыми-жұмыстарды университеттің өзі жүргізеді. Болат Қабыланбеков, инженер-зерттеуші: - Докторанттардың, магистранттардың, тіпті бакалаврлардың бітіру жұмыстарына байланысты диссертациясына орай атқарылатын зерттеу осында жүргізіледі. Жоғары курс студеттері осы жерден практикадан өтіп жатады. Мамандардың айтуынша, «Серпін-2050» бағдарламасы нарықтағы кадр тапшылығын реттеуге септігін тигізеді. Сол үшін өткен жылы 2050 грант бөлінсе, биыл 5 мың студент тегін оқуға қол жеткізбек.
24.kz