Он үш жасар қыз домбыра жасап жүр

Он үш жасар қыз домбыра жасап жүр

Бəлкім, мен де сенбеген болармын. Шеберханаға барып, өз көзіммен көріп қайтқан соң, амалсыз таңдайымды қақтым. Бəрін басынан баяндайыншы. Үйдегі домбыраның шанағы сынып, іске жарамсыз болып жатқан еді. Əкем екеуміз бір демалыста шеберге апармақшы болдық. Шиелі ауданындағы Досбол би ауылында домбыра жасайтын кісі бар дегенді естіп, сонда бардық. Шап-шағын шеберхана екен. Кірсек, 13-14 жас шамасындағы қыз жұқа тақтайды жонып отыр. Келген шаруамызды айтқан едік, «Əкем қазір үйде жоқ, маған көрсете беріңіздер», – деді бəйек болып. Сөйтсек, бұл сіңлім де домбыра шебері болып шықты. Аты-жөні – Назгүл Дүйсенбекқызы. Осы ауылдағы №155 мектептің 7-сыныбында оқиды екен. Аз-кем таныстықтан соң, өнері жайлы сұрап, əңгімеге тарттым…

Арғы аталарынан бастап ағаш шебері
«Аталарым кезінде ат əбзелдерін, киіз үйдің сүйектерін жасайтын ағаш шеберлері болыпты, – деп бастады əңгімесін Назгүл. – Олардың кəсібін ұлдары, яғни, менің əкем жəне ағайындары жалғастырды. Ол кісілер 1991 жылдан бері музыкалық аспаптар жасай бастаған. Алматыда «Шертер» шеберлер орталығын құрған. Қазiргi таңда бұл шеберлер орталығы көп жылдық тəжiрибенiң арқасында əлемдiк жəне кəсiби мамандардың талаптарына сай 50-ден астам саз аспабын шығарады. Көптеген шетелдiк компаниялар мен отандық кəсiпорындар, өнер ұжымдары арасында бұл өнiмдерге сұраныс өтежоғары. «Шертердің» шағын филиалы болсын деп, əкем өзіміздің ауылда шеберлер орталығын ашқан болатын.
Əзірге ол орталықтың жұмысы тоқтап тұр. Біз қазір үй жанындағы сарайды шеберханаға айналдырып, осында жұмыс істеп жатырмыз». Шеберхананың іші кішкентай демесең, мұнда аспап жасауға не керектің бəрі бар. Бір бұрышта шанағы мен мойыны жасалған домбыраның қаңқалары ілулі тұр. Түпкірдегі үстелдің үстіне шырша, емен, қайыңның жұқа тақтайшаларын тізіп қойыпты. Олар – домбыраның шанағы үшін керекті ағаштар екен. Қабырғадағы сөреде аспаптың майда бөлшектері салынған қораптар тұр. Су толтырылған легеннің ішіндегі ағаш тақталардың ашқылтым иісі мұрынға келеді.
– Қысы-жазы осында істейсіңдер ме? – дедім.
– Иə, қазір күн жылы ғой. Бөлменің температурасы бірқалыпты. Қыстың күндері арнайы жылытқыш пеш қосамыз. Мына ағаштар өздеріне қажетті жылы ортада жақсы кебеді, – деді ылғал тақтайшаларды нұсқап.

Домбыра жасауға шеге керек емес
Назгүл домбыраның жасалу процесін тəптіштеп түсіндіріп берді: «Əуелі домбыраның мойын ағашын жасау керек. Оны қарағайдан дайындаймыз. Бұл кезде маған əкем көмектеседі. Қара күшті керек ететін шаруа ғой қанша дегенмен. Мойын ағашты жақсылап жонып, қалыпқа келтірген соң, оған шанақтарды бекітеміз. Шанағы жеті тақтайшадан тұрады. Ол тақтайшаларды шырша, емен, аққайың, жаңғақ тəрізді ағаштардан жасайды. Шыршаны, əдетте, музыкалық ағаш деп жатамыз. Өйткені, одан жасалған домбыраның үні əуезді, дыбысы жақсы болады. Бұл ағаш тақтайшалардың бəрін біз Алматыдан арнайы тапсырыспен алдырамыз. Өйткені бізде өспейді ғой. Өзіміздің өңірдегі ағаштардан көбіне көктеректі домбыра жасауға пайдаланамыз. Шанаққа арналған əлгі тақтайшаларды əуелі суға 2-3 күн салып қою керек. Сол кезде жұмсарып, июге келеді. Суда көп ұстауға да болмайды, майыстырғанда тым жұмсақ болып, сынып кетуі мүмкін. Шанақты жасаған соң, мойын ағашқа бекітеміз. Одан соң, домбыраның беттақтайын орнатамыз.

Беттақтайды жұқа əрі түп-түзу етіп жонған дұрыс. Дыбыстың қалай шығуы соған байланысты. Жонып жатқанда шанаққа қойып өлшеп, бергі жағынан ұрып көреміз. Егер дауыс бəсең тартып, анық естілмесе, əлі де жону керек деген сөз. Беттақтай дайын болғанда, шанақтың үстіне жабыстырамыз. Домбыраны жасарда бірде-бір шеге пайдаланылмайды. Бəріне желімді қолданамыз. Аспаптың негізгі қаңқасы дайын болған соң, пернелерді бөлу, ішегін тарту, құлағын салу секілді майда жұмыстар қалады», – деп шебер қыз сөзін аяқтады.

Назгүл үш аспапта ойнай алады
Домбыра жасау үшін музыкалық қабілет те болу керек екен. Назгүл өзінің домбырадан бөлек, баян мен сыбызғыда ойнай алатынын айтты. «Бала күнімнен əкемнің жанында жүрдім. Істеп жатқан түрлі музыкалық аспаптарын алып қарап, қызығып, пернелерін басып көретінмін. Сөйтіп жүріп сыбызғы мен домбыраны үйрендім.
Үйренгеніңнің бір жақсысы, аспапты жасап жатқанда қайжерінде кемшілік барын бірден байқай қоясың», – дейді ол. Жаңадан жасалынып біткен домбыраның бірін қолына алды да, «Ерке сылқымды» тартып берді бізге. Қаршадай қыздың өнеріне əкем екеуміз де риза болдық. Назгүл əншіліктен де құралақан емес көрінеді. Аудандық «Самға, жұлдыз», «Шырқа, көмейім», «Жеңісті жақындатқан əндер», облыстық «Бозторғай» əн байқауларында бас жүлде алып, ауылының атын шығарып жүр. Отбасындағы алты баланың кенжесі Назгүлді анасы Райкүл апай да ерекше көріп, мақтан етеді. «Қызымнан күтер үмітім көп. Ағайындарымыздың балалары шеттерінен өнерлі. Бірі əнші, бірі күйші, бірі ұста. Бұл қызымның бойында осы өнерлердің бəрі бар», – дейді Назгүлдің басынан мейірлене сипап.
Назгүл енді өз мектебінде оқушыларға арналған домбыра үйірмесінің болғанын қалайды. Ал болашақта ауыл ішінде музыкалық аспаптар жасайтын үлкен шеберхана ашпақ ойы бар. «Істеймін, жетемін!» деп жұлқынып тұр. Қара қыздың қайсар мінезіне сүйсінген біз ішімізден тілек еттік. Тіл-көзден аман болсыншы лайым…

Ботакөз МАРАТҚЫЗЫ
(«Ұлан», №15, 14 сәуір 2015 жыл)
zhasorken.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста