Табиғат тамашасы мол Үстірт
Маңайындағы жазықтардан жарқабақпен ерекше оқшауланып тұратын қыратты жазықты ғылыми тілде үстірт деп атайды. Мұндай аймақтар біздің елімізде көп кездеседі. Олар Қазақстан аумағында кеңінен тараған. Олардың арасында ірілеріне Үстірт, Торғай және Маңғыстау үстірттері жатқызылады. Үстірт пайда болу жолдарына қарай құрылымдық, жанартаулық және денудациялық болып үшке бөлінеді. Мәселен, құрылымдық түрінде өткен геологиялық дәуірлеріндегі теңіз орындарында кездеседі. Жер астынан шыққан лавалардың жер бедерінің бұрынғы кедір-бұдырларын тегістеулеріне байланысты қалыптасатын түрін жанартаулық деп атайды. Денудациялық түрінде таулардың үгіліп аласаруы салдарынан пайда болған үстірттер саналады.
Қазақ даласының бір бүйірінде жатқан Маңғыстау өлкесінде біздің халқымыз үшін маңызды мәдени құндылықтар баршылық. Солардың барлығы дерлік елдің аузында үстірт аталып кеткен аймақта жатқаны белгілі. Еліміздің батыс бөлігіндегі Маңғыстау түбегі мен Қарабұғазкөл шығанағы аралығында қоныс тепкен Үстірт жайында естігенде еріксіз елеңдап қалатынымыз рас. Үстірт алабы біраз аумақты алып жатыр. Ол – Арал теңізі мен Әмудария атырауы аралығын алып жатқан дөңесті аймақ. Тұран ойпатында орналасқан. геологиялық құрылымы ұқсас. Үстірттің солтүстіктегі және шығыс бойлықтың 56 °C-қа дейінгі батыс бөлігі Қазақстан аумағына кіреді. Қалғаны Өзбекстан жерінде орналасқан.
Жалпы, бұл өлкені көзбен көрген адам еріксіз таңғалады. Өйткені табиғаттың қолмен жасап қойғандай керемет көріністері әрбір адамға ерекше әсер ететіні даусыз. Егер бұл аймақ өркениетті елдердің бірінде болса, одан адам аяғы үзілмесі анық. Өкінішке қарай, біз әлі күнге дейін оны өз деңгейінде насихаттай алмай келеміз. Сол маңдағы ескерткіштер ата-бабалардың өмір тынысынан сыр шертеді. Бұл құндылықтар қазақ халқының ұлттық сәулет өнерінің ескілікті кесенелер тобына жатқызылады. Салыну мерзімі жағынан ХVІ-ХХ ғасырлар аралығын қамтиды. Олардың көпшілігі дерлік тұщы су көздері маңында, құдық пен бұлақтың жанында орын тепкен. Сонымен қатар керуен жолының бойында орналасқаны да аз емес. Атап айтқанда, Маңғыстау өңірінің Үстірт қыраты мен Сам құмы маңында кесенелер көптеп көзге түседі. Осы аумақта Пір Бекет атаның кесенесі бар. Сондай-ақ Үштам (Үшшонқол), Қырғын, Айтмансу, Медет, Бармақ, Сисем ата, Уәли, Асау-Барақ, Күше-Бейіт тәрізді кесене кешендері көпшіліктің жиі ат басын бұратын қасиетті мекендеріне айналды.
Үстірттің қақ төрінде Құсшы ата деген үлкен қорым бар. Ескіден жеткен ол әулие көкте қалықтаған құстардың тілін түсінген дейді. Құстарды қорғауға мән берген. Соның нәтижесінде елдің арасында үлкен беделге ие болып, әулие атанып кеткен көрінеді.
Бұл кешенде 17-20 ғасырлар аралығындағы қазақтар мен түрікмендердің 500-ге тарта ескерткіші бар. Олардың арасында тас қоршаулар, арқа, түрлі қойтастар, сағана тамдар сияқты сәулетшілік өнердің озық үлгілері де көзге ұшырасып жатады.
Ғалымдардың айтуынша, көнеден бүгінге жеткен тарихи мұралар арасында түбі бір туысымыз – сапар, қожа, иомут-баға тәрізді тайпаларының белгілері де кездесіп жатады. Әрине, олардың саны өте көп емес, ішінара ғана бар екені байқалады. Сондай-ақ қазақ халқының табын және адай руларының таңбасы бар бейіттер көбірек көрініс береді. Атап айтқанда, шөмішті табынның таңбасы 20 нұсқада кездеседі. Оған қоса, қазақтың тарақты-табын, шекті, тама, жаппас сияқты руларының таңбалары да бой көрсетеді. Осыған қарай отырып, Үстірт аймағын қазақтың атақонысының біріне айналғанын аңғарамыз. Оны сол маңдағы осындай тарихи мұралар дәлелдей түседі.
1984 жылы Үстірт қорығы мемлекеттік шаруашылығы тұсауын кесті. Қазақстанның оңтүстік-батысында қоныс тепкен аталмыш қорық табиғи кешенді сақтауды жолға қою мақсатында қолға алынғаны белгілі. Аталмыш қорық облыстың Ералы ауданының аумағында жатыр. Жалпы аумағы 223,3 мың гектарға жуық. Бұл жер Үстірт аймағының Кендірлі сорын қоршаған таға пішіндес бірнеше ғажайып қыраттарда орналасқан. Ғалымдар мұндай орындардың ғасырлар бойы жел мен су эрозиясы салдарынан өзгеріп отырғанын тілге тиек етеді. Әрине, оны адамның өзі қолмен қашап қойғандай сезінетінің анық. Табиғаттың тамашасына еріксізден бас шайқауға тура келеді. Өйткені сол аумақтан пышақпен кескен секілді, тік. Биіктігі 200 метрден асатын құлама жартастар кездеседі. Оны адам баласы қолмен жасап шыға алмайды. Он сегіз мың ғаламды жаратқан Жаратушы иеміздің құдіретіне осылайша тағы да бір көз жеткізіп, табиғат құндылықтарын одан әрі тереңдеп тани түскің келеді. Сондай-ақ төбесі теп-тегіс не конус тәрізді мұнара төмпешіктер де байқалып отырады. Бұл маңда ақ, көк және қызыл түсті қабаттардан тұратын, үстіңгі бөлігінде біз секілді ұлутасты қамалдар да айқын аңғарылады.
Үстірт қорығының қызықты дүниелері тек осымен шектеліп қалмайды. Осы аумақта елең еткізетін ерекше қақпалар, аса үлкен емес қос тесікті қақпалар бар. Ғалымдар аталмыш аймақты өте көне замандарда теңіздің түбі болған деп жорамалдайды. Өйткені сол жерлерде мүйіз сауыт, сүйек, тіс, олардың іздері секілді ежелгі заман жануарларының қалдықтары мен сол кезеңде адамдар пайдаланған қару-жарақтарды тапты.
Қорықтағы жануарлар әлемі де сан алуан. Үстірттің солтүстігіндегі шөлді аймақтарында өсімдіктердің 300-ден астам түрі байқалады. Онда сүтқоректілердің – 27, бауырымен жорғалаушылардың 30 түрі бар. Осы аумақта Қазақстанның «Қызыл кітабына» тіркелген үстірт арқары, қабылан, қарақұйрық, қарақал, төртжолақты қарашұбар жылан, жорға дуадақ, қарабауыр бұлдырық, ителгі тіршілік етеді.