Қазақтың атақты палуаны, КСРО чемпионы Әбілсейіт Айханов өмірден озды
Қазақ спорты орны толмас қазаға ұшырады. Кеше, 6 наурыз күні қазақтың атақты палуаны Әбілсейіт Айханов 78 жасқа қараған шағында қайтыс болды.
Әбілсейіт Рүстемұлы 1938 жылы 15 сәуірде сол кездегі Талдықорған облысында туған. Еркін күрестен ауыр және жартылай ауыр салмақта белдескен ол 1958-1969 жылдар аралығында Қазақстан чемпионатын 11 рет жеңіп алды. Сондай-ақ, КСРО халықтары спартакиадасының және КСРО чемпионы (1963 ж.), КСРО Кубогының иегері (1970 ж.). 1958 жылы Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған палуан 1968 жылы КСРО-ның «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
1963 жылы Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтын бітірген Әбілсейіт Айханов Қазақстанда спорт саласының дамуына да өлшеусіз үлес қосқан маман. Дене тәрбиесі теориясының профессоры шәкірт тәрбиелеуде де өзіндік із қалдырды.
Әлемнің 50-ден астам елінде оның құрметіне КСРО гимні шырқалды. Сондай-ақ, Айхановтың есімі үш дүркін Олимпиада чемпионы Александр Медведьті жеңген палуан ретінде де тарихта жазулы тұр, деп жазады egemen.kz.