Мейірхан Ақдәулетұлы. ПАЙҒАМБАРЫ КӨП ЕЛ?..

Мейірхан Ақдәулетұлы. ПАЙҒАМБАРЫ КӨП ЕЛ?..

«Менің жауым - қазақтың жауы» депті Мұхтар Мағауин. Жазыпты. Алдында ауызша айтқанын да естігем. Сүйсінбеске амал кем… «Менің де…» дегің келеді.

Кейін ойлап отырсам, осы әңгімені өзгешелеу де ұғуға болады: «маған істегенің (ұрысқаның, сынағаның, айтқанымды тыңдамағаның, жақтаспағаның, т.т.) - қазаққа істегенің». Дұрысы: «Қазақтың жауы - менің де жауым» боларға керек. Сонда: «Қазақты кемітсең, несібеден қақсаң, ар-намысын қорласаң, пікірін айтқызбасаң, біреуге ұрпағын жәутеңдетсең, өзі надан, сенгіштеу жарықтыққа (қазаққа, әрине) «аңқау елге - арамза молдалық» жасасаң, оның «өтрік жоқшысы» болып, сол арқылы бедел, атақ, абырой мен мал жисаң, т.т. - менің екі дүниеде бітіспес жауым боласың!» деген ап-айқын мағына шығар еді.

Мұхаң болмашыға тұлданатын санасы қортық кісі емес, әңгімені өз сөзінен бастағаныма ренжімейтін шығар - менің айтарым мүлде өзге гәп.
Соңғы он жыл көрсетіп-ақ берді: «Менің жауым - қазақтың жауы!» деген өздік пікір (самомнение) күллі қазақтың зиялы-зиялысымақтарының бәрінің әңгімесіне айналды (Мұхаңнан садаға…). Бұрын да солай-тұғын. «Қазақтың…» деген ресми немесе ресми емес атағы бардың бәрін ес білгелі әулие тұтып, идеал санап өскен соң ба, біздің ұлт «осылар» барда ешнәрседен есесін жіберместей көрінетін.

«Осылар» негізгі бөлігі, шамамен оннан тоғызы қазақы ауылда, түсі суықтау, қылығы қызықтау көрінетін қаладан, оның орыстан үйренген (жаттап, еліктеп, т.т.) мәдениетінен, мінез-құлық стереотипінен (поведенческий стереотип) аулақта жатқан қазақтар үшін… Пайғамбар еді. Сонша Пайғамбары бар ұлттың соры қалай қалың болады? «Верит тот, кто ничего не знает» депті Луначарский («Ештеме білмейтін адам ғана сенеді»). «Ең жаман еркегі үш жылғысын ойлайтын қазақ емес, екі-үш ғасыр алға ойлайтын ебекең мұны, сірә, әлдебір «идеалдық теңдік пен еркіндік» туралы ұлы аңызға сеніп, шіркеуін қиратып, өзі екіге бөлініп алып, әрқайсысы «орыс халқының тағдыры үшін» бір-бірін қырып-жойып, азаптап жатқан жас ұлт - орыстың (Гумилев бойынша «жиырма бес жасар этнос) қылығына қарап не мұңайып, не күлімсіреп отырып айқан шығар?.. Ал мен… біздің пайғамбары көп ұлт екенімізге кәміл сенетінмін.
1986-ның желтоқсанына дейін. Желтоқсанның он жетісіне дейін…
Одан кейін де сенгім келеді. Сенгің келу сену емес, әрине. Сенбеу де емес. Екеуінің ортасы.

Біріншіден, сол желтоқсанда… алаңға адалдыққа, «менің жауым - қазақтың жауы» дегенге, артында қорғаны - ұлты, ұлт қаймағы - зиялылар мен қазақы атқамінерлер бар екендігіне һәм Ильичтің саясатына, т.б. «идеяларға», көркем әдебиет пен поэзияға сенетін жас ұрпақ, маңдайы тасқа тиіп көрмеген ұрпақ шығып еді. Дінмұхамед Қонаев жақсы, дегдар кісі болғаны рас, бірақ әлгі жастарға ол да Пайғамбар, қазақы пайғамбар сияқты болатын. Бірақ сол бір өте көшелі, ақылды кісі бәрібір әлгі қазақтардың ұлттық батыры емес-ті. Салыстырыңыз: онымен тұтас өзбек басшылары Н. Мухитдинов, Ш.Рашидовтерді өзбек ұлтының көсемдері деуге әбден болады: Қазақстан есебінен өзбек жерін кеңейтіп алды, біздің Мұхаң (М.Мағауин) қазақтардың өздері ұстатып жіберген ағалары мен «тыйым салынған» (қазақ ғалымдары бақталастықпен тыйым салдыртқан) жыраулар поэзиясын ерлікпен шығарып жүргенде, марқұм Ілияс Есенберлин ерлікпен «Көшпенділерді» шығарып жүргенде… тәртіп те, партия да, ел де, елдік статус та бірдей болғанына қарамастан, өзбектер тілін де, ділін де, тарихын да, салтын да жоғалтқан жоқ. Оларда «коммунистер қудалауы» бола қоймады. Дәлел өте көп…
Соған қарамастан, ауылдағы «шал-кемпірлер идеологиясы» мен халықтың ауыз әдебиеті тәрбиелеген, өркениеттен (қаладан, өндірістен, құзырлы биліктен, т.т.) шеттетілгенінің арқасында ұлттық ділін (сущность) жоймаған (бір жаманшылықтың, расында да, бір жақсылығы болады!) қазақы қыз-жігіттер «ақырып теңдік сұрағанымен», билік басына орыс келуін ұлтты қорлау деп санап, Жұмекеннің «Менің Қазақстанымын» айтып, көшеге шықты.

Қалаға баяғыда келіп орныққан қазақы «пайғамбар қауымының» өзі тұрмақ, шешесі көрші әйелдің өнегесіне сүйеніп тәрбиеленген, «недотрога» («шыбық тимес, шыңқ етер»), әкесінің қазақтарды «тақырып қана қылып» алып жазған, содан да сенгіш қазақтар «қонышына тығып жүріп оқитын» мақтаулы роман-повестерінің бір жолын (әрине, қазақша) ұқпайтын, «хе, наш пахан почти Гоголь дегенді көрші орыс балаға кекесінмен айтатын мәнжубас (кейін «құйрығына май құйған соң әзер адам болып жүрген»), аты қазақ баласы, балалары шықпағанына мен куә һәм кепіл. «Қазақтықтан құтылғандарға» өмір сүру екі есе жеңіл екенін әуелі солардың ұлт есебінен күн көрген (қазақ дейтін ұлт болмаса, Қонаев бірінші не болып, не болмас еді, көп жазушы да болмас еді, т.т.) әкелері, сосын сол орысқол балалар, ең соңынан… мен көз жеткізіппін!
Алаң ұлттық намыс пен ар-ұяттың сынағы еді. Ұлт үшін, бәлкім, Алла жасаған сынақ еді. Әсіресе, менің «пайғамбарларым» үшін…

Сол күні алдымда жасанды пұттар құлап жатқандай болды. Жұмабай Шаштайұлы куә - алаңға қаптап келіп жатқан жастарды көріп, көзіміз бұлдырап, көңіліміз әлем-жәлем болған. «Әй, рух тірі екен ғой! Тірі екенбіз ғой!..» деп еді Жұмабай-дос түрі бұзылып, ерні дірілдеп тұрып (Жалпы менің құрбы-құрдастарымның мақтануына болады - біз Алматының әр шетінде, әркімнің тауыққорасында жүріп, балаларды қазақша оқыту үшін орталықтағы бірер мектепке таситынбыз: Дидахмет, Әлібек, Мереке, Серік, Байбота, Аманхан, Баянғали, Төрегелді, т.т.).

«Мынау - Құдай!» деп сендіріп қойған (бәлкім, өзім бәлкім, жартыкеш шындығына мәз қазақы баспасөз - идеология) пұттар сол күні қираған. Қирағаны жақсы болды: сол күннен бастап «мен!» деп әңгіме айтпастай («сәби-халыққа» «паблик рилейшнз» жасап карьера, бедел, сыйлық, мадақ, т.т. қумастай) болдым.
Рас, өзім әлі күнге дейін іштей төбеме көтеріп жүретін бірер үлкендер (зиялылар) сол күні Алаңға шықты. Бірері таяқ та жеді. Қудаланды да.
Бірақ…
Бірақ біздің «өгіз бұзаулады!» десе сенуге бар (әсіресе зиялылар һәм «сыйлы кісілер» айтса!) халықтың қаймағы сол күні сыр беріп алды.
Мен үшін содан бері «Пайғамбар» (қазақы, әрине) жоқ.

Өз ағаңды жамандағанмен, жұрт жақсы ағасын бере ме - мен ағаларыма ренжігем жоқ. Әлі жақсы көрем. Әрі аяймын. Ақтап алғым келеді. Олар, бәлкім, мұны түсінбес (олар тек өзіне иіліп-бүгіліп қызмет еткен, «адамның ағасы бар - жағасы-ы ба-ар…» деген қосмағыналылау әнді жиі айтатын… «құлдық-ініні» ғана түсінеді: адам қылады, «өсіреді», т.т.). Бәлкім, астар іздер (өмірі толық рас сөйлемеген адам үнемі әрнеден астар іздейді - оларды «астарлы өмір» тәрбиелеп, «астарлы ойын» миын шегендеп тастаған). Еріктері білсін…

Мен сол жолы жеген таяқ, естіген сөз, көрген қорлық үшін күйінген жоқпын - «көппен көрген - ұлы той», әрі жап-жас жігіттер мен қыздар қыршындарынан қиылып та жатты ғой… Менікі - әншейін. Ең бастысы - сол оқиғаның болғаны, бола білгені еді. Рух тірі еді!..
Күйгенім - біздің «сорлы ағаларымыздың» сорлы қылығы. Мұны айту керек. Өзім қайталамауым үшін («жаман айтпай, жақсы жоқ»). Кейінгілер сорлы бола бермес үшін. «Ұят» дегенді, ең болмаса, өз ұлдарым біліп өсуі үшін.

Бірінші. Түрмеде (Совет аудандық ІІБ) үш күн тікемізден тік тұрып (камерада отыруға мүмкіндік жоқ), өлдіге жорып отырған үйге қабырғам сынып қайтып оралған күні теледидар… Мәскеуде өткен (бір-ақ күн бұрын) Мұхтар Шахановтың поэзия кешін көрсетіп жатты. Шынайы күлкісі мен кекесінінің айырмасын білдірмейтін сырбаз «Евгений-дос» (Евтушенко) «Мынау - қазақ поэзиясы, ал мен…» деп күлді - Мұхаң бойшаң емес-ті. Мұхаң бірақ мә-әз. Останкинода кеші өтіп жатса, қайтеді енді… Мен тележәшікті ғана сыбап, сөндіріп тастадым. Кейін, ұққан кісіге - «саяси күн жылыған соң», Мұқаң «Герой дня» болды. Храпунов екі ауыз қазақша сөйлессе де күллі арманы орындалғандай болатын қазаққа… Мәскеу трибунасынан желтоқсан туралы айту Айға ұшып барумен бірдей. Расында, бұл - күні кеше дүниеден өткен Собчактар бастаған, мұраты капитализмді тезірек орнату болған, бәлкім, әлдебір әлемдік күштердің сценарийі бойынша құрылған «межрегиональная группаның» саяси ұпайын көбейту үшін жасалған қылық қана еді - бұдан үш жыл бұрын, 1987 жылдың ақпанында Бірғаным Әйтімованың (КазЛКСМ хатшысы) «звоногымен» Фариза апам басқаратын «Пионерден» «өз еркіммен» кетіп, еңбек стажым үзілмесін деген ғана қауіппен (заман бұлай боларын біліппіз бе?) «Жалынға» кіріп, бас редактор Мұхтар Шахановтан «аға, тым құрыса, корректор деп тіркеп қойшы» деп өтінгенімде, Мұхаң «позициясын» ашық айтқан: «К…рің қышып алаңға неге бардыңдар?..» Мұхаң кейін «Аралды толтыру тәсілімен» осы мәселеден де орасан зор саяси ұпай, бедел жиып алды - мүмкіндік (саяси, әрине) туған соң «желтоқсаншылар өліктерін іздеу» дейтін, халықты шынымен сүйсіндіретін іс тауып алды. Ақыры елші болды. Көпеннің қалжыңын жұрт (жазушылар ортасы) жақсы біледі: «Аяқ артып бір қызға, тайып тұрды қырғызға…» Одан соңғы «эпопея» белгілі - Еуропаға өтімді болу үшін орысша поэмасымақ жазды, Шықаңмен бірігіп псевдофилософиялық толғау жазды… ұзамай Нобель алуы да мүмкін.

Мұхаңдікі дұрыс - «хочешь жить - умей вертеться». Ауық-ауық қазаққа «әр адамда төрт ана болатынын» айтып қояды, бұған бала түсінбейді (бір мезгілде төрт әйелден қалай туасың?), ал әйелдер ызалы (еркектері бір қатын асырай алмай отырғанда, Мұхаң «төрт қатын ал» деп отыр деп ойлайды).
Мейлі ғой, бірақ халыққа «пайғамбар» рөлін ойнамай-ақ жақсы ақын болуға болмай ма: мәселен, И.Бродский, А.Вознесенский, басқа «…скийлер» құсап?..

Тағы бірі. Бас редакцияның («Лениншіл жас», «Пионер», «Білім және еңбек», «Ұлан», «Дружные ребята») біріккен партия ұйымы ашық жиналыста «жаппай тәртіпсіздікке қатысып, ұсталған» менің мәселем мен «желтоқсан оқиғасына партиялық көзқарас» туралы мәселені қарады. Аупарткомнан бір орыс жігіт пен қазақ қатын келген, қатынның «ынталылығы басым» болды: «қазақ жастарының жауыздығы» (осылай айтты) туралы ызалы сүйсініспен (!) сөйледі. Одан соң «мәселені талқылау» басталды. Сәл ғана ауыр үнсіздіктен соң… Тұманбай Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаев, Ақселеу Сейдімбеков, Фариза апам, т.б. таңдаулылар (бас редакторлар мен беделді кісілер) сөз алды. Оларға «сөйле!» деген ешкім жоқ-ты. Мүмкін, «үрейдің өзі емес, үрейлілігі қорқынышты» ма, әйтеуір, менің «пайғамбарларым» «фашизмді айыптап» тұрғаннан кем болмады: күйзелісім жайына қалып, аң-таң болдым.

Тұмағаң - біздің көгілдір, тәтті өміріміздің жыршысы Тұманбай Молдағалиев: «Бұдан асқан оңбағандық жоқ! Біз (қазақ, әрине) масқара болдық, ұлтымыз (?) масқара болды! Оларды, мына бұзақылыққа қатысқан оңбағандарды атып тастаса да, артық болмайды!» деді. Шабыттанып, ашуланып айтты. Қалшылдағаны сонша, юбка көрсе, өлең шығаратын сентиментальный ақын көзілдірігін түсіріп ала жаздады. Мұз-ағаң - Мұзафар Әлімбаев мұздай, мұнтаздай пікір айтты: «Бұл - біздің кінәміз. Біз оңбаған ұрпақ (?) тәрбиелеппіз. Жексұрындарды аямау керек!» деді маңырай сөйлеп. Ирелеңдеңкіреп орнынан көтерілген Ақселеу ағам сәл ұстамдылау екен: «Біз бұл тәртіпсіздікті айыптаймыз. Жастар тәрбиесімен қажырлы түрде айналысу керек» деді. Фариза апам да сөйтті. Қалғандар туралы айтпаса да болады: өз басымен ештеме ойлап көрмеген, әлгі мықтылардың көлеңкесінде күйбеңдеп жүргендердің қолынан құлша қостау ғана келетіні белгілі. Уәлихан Қалдижановтікі («Қазақстан пионерінің» редакторы, партия ұйымының хатшысы) дәл сол кез үшін ерлік болды: аупарткомнан келген екеуге менің бастауыш ұйымда талқыланбай, партиядан шығарылуымның жарғыны бұзу (нарушение устава) екенін айтып, «бұл - өте жақсы, тәртіпті, мәдениетті, т.т…. жігіт, оның үстіне, біз әріптестеріміздің шындығын осы жерде тыңдауымыз керек» деп отырып алды. Менің көзіммен көріп, құлағыммен естіген сұмдықтарды мынадай сорлы, осы секілді бейшара, дәрменсіз ортада маңыратып отыруға дәтім жетпеді, ызаға, жасқа булығып сыртқа шығып кеттім.

Бұл жолы да өзім үшін емес, өзіміздің «ұлт пайғамбары» санап, көзқуаныш санап жүргендердің сорлылығына, дәрменсіздігіне күйдім. Сол бетінде барып, Главпочтампттан М.Горбачевтің атына телеграмма бердім. Ертеңіне телеграмманың ОК-нің жалпы бөліміне тапсырылғаны жайлы растама (уведомление) әкелген орыс кемпірдің «Ой, как жалко вас, казахов…»деп бас шайқағаны әлі көз алдымда тұр…

…О.Сүлейменов «Семей-Неваданы» гүрлетіп жүрді. Мұның әлемдік (глобальдық) саяси сценарий екенін ол кездері біреу біліп, біреу білген жоқ. Олжас қасіретті елдің қайырымды әкесіндей көрінген. Бірде мен оған: «Олжас Омарович, Семей полигонының ақиқаты ол әбден іске алғысыз болған соң айтылып отыр. Ал еліміздегі ірі полигондардың зардабын олар да іске алғысыз болған соң айтып, олардың құрбандарын да енді қырық жылдан соң жарнамалап отырамыз ба? Бәрін неге айтпайсыз? Айта алмасаңыз, несіне қасіретті елді дүрліктіріп, көсем атанып жүрсіз?» дегенмін. «Артистичный» Олжас бұған шамданып қалды. «Невада-Семей» оған «ұлт әкесі» деген «имидж» жасап берді, әрі… Тағы да «қазақ есебінен нан жеу»!..

Мұны айтпауға, жазбауға болар еді.
Бірақ мына алмағайып заманда, дербес ұлт боламыз, ел боламыз деп ұмтылып отырған күрделі кезеңде біз, қазақ әуелі айнаға қарап, ажарымызды анықтап алуымыз керек. Рухы жүдеген елдің алдындағы жауапкершіліктің қандай болмағын ұлт қаймағы, зиялы қауым сезінуге тиіс. Оның жалғыз жолы - онсыз да төрт құбыласы теңеліп жарымаған ұлттың көзін ашу, ұлтты алдарқатудан арылу.
Қал-ағаң, Қалтай Мұхамеджанов қана сол тарихи сынақ сәтінде - желтоқсан күндерінде!.. - зиялы қауымның «…көті жетпегенін» (қарсылық көрсетпегенімен, жастарға ара түсе алмағанын!) ашық мойындады. Ақылы, ары жеткен болар.

… Сол желтоқсан оқиғасынан екі жыл өткен соң Тбилисиде үлкен наразылық болып (Собчак пен М.Шаханов демократиясы тұсында), қарапайым қарбаласта үш-төрт адам өлді (қалың тобыр таптап кеткен). Келесі күні Грузия үш күн қатарынан қара жамылып, республика туы түсірілді. Ең бастысы - сол түні грузин ақыны мен сазгері қаралы гимн жазып, үш күн бойы грузин теледидары мен радиосы мезгіл-мезгіл ойнап тұрды!..

Сонда, желтоқсанда әншейінде атақ үшін, күлше үшін бір-бірін талап жердей болып жүретін біздің ұлттық мәдени элита - қазақтың «пайғамабарлары» бас біріктіріп, қарсылық білдіргенде, оларды жау алмас еді - тұтас бір ұлттың зиялы қауымын ешқандай диктатор құртып жіберуге тәуекел етпейді! Олар…бірінен бірі қорықты!.. Оларда тек пендешілік бәсеке бар да, бірлік жоқ-ты. Атақ, сыйлық, т.т. үшін бәсеке (Сауал: сонда сорлап отырған ұлттың сыйлығын, атағын алғанда сенің адами, шығармашылық мазмұныңа сырт жұрт күліп, өзің арланбайсың ба? Бұл сауалды біздің «пайғамбарларға» әлі ешкім қойып көрген жоқ). Мұны ешкім теріске шығара алмайды: дәлел қазір де көп…әрі менің архивімде Г.Колбиннің атына жазылған екі топ жазушылардың хаты жатыр: әрқайсысы «кімді құрту керегін» айтады!

Біздің ақын-жазушыларымыздың хас масқарасы Жазушылар одағына Геннадий Колбин келген күні болды: жазушылар жиналысында Колбинге құттықтау айтылды (жас, адал ұрпақты - ұлттың адал үмітін таптағаннан соң, таптаған адамға!), ең күйініштісі - күллі қазақтың рухани арқа сүйері, әйгілі Бауыржан Момышұлының сүйкімді, көшелі ұлы, тәп-тәуір қаламгер Бақытжан Момышұлы…трибунаға көтеріліп, «Әкем тірі болғанда, сіздің келгеніңізге қуанар еді» дегенімен шектеліп қана қоймай, Геннадий Колбиннің… бетінен сүйді! (Мүмкін, бұл деградацияға ұшыраған ұлттық сезімнің «символдық көрінісі» болар?!)

Мәдениетті, өз басын сыйлайтын ұлттарда однай адамға қол да бермейді. Мен кешірдім: Біреу жақсы ағасын бере ме?! Дәл сол күні кімнің сөзі мен өзінің ара қашықтығы қаншалықты екені айқын көрінді. (Қазір «ұлт» деп еңіреп өлең жазып жүргендердің қасында бірер сағат болсаң, анық ұғасың: қазақтың киелі сөзі мағынасынан ажырап, ақын, әдебиетші, рухани дегдар орнында «сөз құрау техникасын меңгерген шебер» ғана қалғандай - былшиып «Мерседес» мініп, ылғи ығай-сығаймен дос болып, ұрты атжалманның ұртындай томпиған адамның жүзінен «эпигон-өлеңіндегі қасіретін» аңғару қиын: оның пошымы ұлт үшін қасірет шеккен ақыннан гөрі… бисексуал миллионерге көбірек ұқсайды!

… Ал сол жолы ұлт зиялыларының абыройын Жұб-ағаң - Жұбан Молдағалиев сақтап қалды. «Мен қазақтың ұлын қорлап, қызын қарға отырғызып қойып, астынан теуіп жатқанын, шашынан сүйреп жатқанын көргенше, Ұлы Отан соғысында өлуім керек еді!..» деген асыл аға, арлы адам кейін сол жан қасіретінен оңала алмады. (Ал қазақ ақыны, жазушысына тиіс құрметке (ресми) таласып жүргендер төмен қарап, …сүрткіштеді. Көзі ме, өзге ме - белгісіз…). Ұлт зиялысы болу тек осындай асқақ, ауыр жауапкершілік жүктейді. Соның биік көрінісі - «Мен -қазақпынды» жүрегімен жазған, сөздің өнерін сайтани пиғылмен емес, періштелік сеніммен игерген ақын Жұбан Молдағалиев. Тағы кім?.. Олжекең жоқ, әйтеуір.

Біздің зиялы қауым қолынан келгенше ақталып-ақ бақты. Біреу жылаған, бірінің жүрегі ауырып, қан қысымы көтерілген (сол күні барлық қазақ сол халде болды), т.т. Қазір, әрине, «қазақ үшін өмір сүріп жатқандар» көп. Қалың, жаутаңкөз бұқараны алдарқату оңай: айғайлап қойсаң, «ауылды түзету керек!» деп кіжінген болсаң - сәл әртістеу болсаң, жеткілікті - аңғал халқың сені «пайғамбар» санайды. Қорғаушысы бардай көреді. Зиялы қауымның «әртістеніп» кеткенінен еш хабары жоқ. Содан соң түлкі боп қашқан заманды тазы боп шала бер - балаларыңа бизнес жасап бер, халықтың аузынан жырып, юбилейіңді өткіз, депутат бол, «мәдениетті, әдебиетті қорғамаса - ол өліп қалады» (расы, солай) деген ұранмен жүріп, өз жағдайыңды жасап ал, болмаса… көзінше мақтап-мақтап, Президенттен аласыңды (атақ, ақша, қызмет, т.т.) ал да, былай шыға бере (ақталу үшін!) ал кеп соны жаманда!..

Тым құрыса, жоғары жақ «ап-май, мынау оппозицияға қосылып кетер ме екен?!» десін деп, «батыл жыла» («тіліміз, діліміз, әніміз, әдебиетіміз, т.т. шөгіп барады», т.т.) тіпті, шетел қапысыз қаржыландырып отырған, «шыншыл, халқы үшін қажыған, бірақ орысқа іші бұратын, қазақты әлемдік деңгейге көтерейін деп жүрген» оппозицияға қосыл. Әрине, Олжас сияқты болсаң, қазақ жерін күллі жұртқа үлестіре салуыңа болады. Осы жігіттің «Тауларды аласартпай-ақ, Даланы асқақтатайық» дегенін ешкім ойланып көрген жоқ: а)таулар аласармайды; б) дала тау бола алмайды. Бұл әлдебір дана ебірей жайлы анекдотты еске салады. Айтпақшы, «әлем азаматына» айналған аты қазақ осы жігіттің «ғылыми данышпандылығының» сайып келгенде айтпағы - «бәріміз ұзынсақал Ибрагимнен тарағанбыз», «барлық мәдениет Иудеядан бастау алады» дегенге саяды. Ұлттан кетіп, озықтар қатарына қосылып қойған «Алжас» (орысша осылай айтылады!) «примитивные нации» қатарына қосылып бара жатқан ұлт жайлы жұмған аузын ашпайды. Ол - әлем азаматы. Мүмкін, әлем үкіметінің мүшесі де болар?.. Олжас - «қазақ болмай өмір сүру - рахат» екенінің жарқын көрінісі. Оның бірер қазақшасы да - қазақ тілінің қажетсіздігінің дәлелі сияқты. Ділінің де… Ең болмаса, қазақ атынан сөйлемесе екен. Сөйлейді. Билік айтады. «Қазақтың болашағы жоқтығын» ісімен дәлелдеген кісі осындай-ақ болар. Әрине, дарынды. Бірақ, орыстар айтпақшы, «хороша Маша, да только не наша!…»

«Менің жауым - қазақтың жауы» Мұхаң осы жолын «Қазақтың жауы - менің жауым» деп өзгертсе екен деймін. Сол бәріміздің ұранымызға, өнегемізге айналса…
Көп мәселе түзеліп, көш оңғарылар еді. Әйтпесе, бізге қазақ, ұлт тек нан жерде керек сияқты болып бара жатыр.
Ұлтта проблема көп. Соның бәрі сабырды, сауаттылықты, еңбекті, т.т. қажет етеді. Бірақ бәрінен бұрын қажеті - ұлт зиялыларының адалдығы мен бірлігі.
Бәлкім, бұл әңгімеге менің ағаларым шамданар. Оларды мен бәрібір жақсы көрем: жұрт (мәселен, өзбек, грузин, шешен, т.б.) жақсы ағасын бермейтіндіктен. Бірақ құл бола алмаймын. Мүмкін әлдекімдерге звондау, әлдеқалай маған тосқауыл қою басталар. Ар-ұяттары білсін. Маған бұны жаздырып отырған бір-ақ нәрсе: зиялы қауым - ұлт тұздығы. Тұздық азса, ұлтта болашақ жоқ. Ал ондай ұлттың зиялысының ұлтқа да, өзгеге де көк тиынға қажеті жоқ.

Рас, ақырзаман жоқ - оны Алла біледі.
Бірақ біз - проблемасы ең көп ұлтпыз. Соларды ақылдасып, ашығын айтып шешетін кез келді. Осы «әдепсіздеу» әңгіме арқылы қазақ атынан нан жеп жүрген зиялыларды (орыстандырылғанын да) ортақ ойласуға шақырсам дедім. Мүмкін, олар өзіме хабарласар. Ұлт зиялылары ғой. Пайғамбарлары.
Ал пайғамбары көп елдің соры қалың болмауға тиіс…

«Алтын Орда», 10 наурыз 2000 жыл.

(Еңлік Ақдәулеттің Фейсбуктегі парақшасынан алынды)

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста