Кенесары ханның бесінші ұрпағы бабасының бас сүйегін өзі іздестірмек
Кенесары ханның бесінші ұрпағы – Асылхан Әшімханов бабасының бас сүйегін іздеуге өзі кіріспек. Бұл туралы ол Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ұлы дала елі» экспедициясы барысында BNews.kz тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.
«Мен Кенесары ханның бесінші ұрпағы, Абылай ханның жетінші ұрпағымын. Кенесарының тұңғышы Тайшықтан тараймын. Тайшық, Жүніс, Әшімхан, одан кейін менің әкем Шыңғыс және мен – Асылхан. Ханның ұрпағы ретінде бабамыздың бас сүйегін елге әкелсем деп армандап жүрмін. Мен ғана емес, ғалымдар, жалпы бүкіл қазақ халқы соны аңсап жүр емес пе?», - дейді ол.
Асылхан Әшімханов Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының 2014 жылы экспедицияға шыққанын естіп, олармен келесі экспедицияға қатысуға бел буып отыр. Дегенмен, 2015 жылғы мамыр айында басталуы тиіс экспедиция қаржы мәселесі шешілмегендіктен әлі күнге дейін кейінге шегеріліп келе жатыр екен.
«Өзім Астанаға барып, әрекеттеніп көрдім. Әзірге ҚР Білім және ғылым министрлігі нақты жауап берген жоқ, мүмкіндік болса, қазан айының соңы, қараша айының басында экспедицияға шығасың дегендей қылды. Экспедицияға қатысуымның негізгі мақсаты – Кенесарының бас сүйегін табу, соған қатысты құжаттарды іздестіру. Экспедицияны Омбыдан бастау жоспарланып отыр, сол жақта құжат тапсақ, әрі қарай зерттеу жүргіземіз. Бас сүйектің қайда екені әлі белгісіз. Біреулер ол Эрмитажда дейді, екіншісі Омбыда дейді. Ханның бас сүйегін жер қойнауына беру – біздің міндетіміз», - деп әңгімеледі А.Әшімханов.
Асылхан Әшімов 1949 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау ауданы Ащысай ауылында туған. 1973 жылы комсомол жолдамасымен Теміртауға қоныс аударған, сол уақыттан бері Теміртауда тұрады. Бір ұл, үш қызы бар. Ұлы отбасын құрып, қыздары тұрмыс құрған, немерелері бар екен.