Фидель Кастроның оққағары болған қазақ кім екенін білесіз бе?
Біздердің білетінімізден білмейтініміз көп. Сол себепті жартыкеш білгенімізбен жер-әлемді жарып кетердей даурығатынымызды қайтерсің?! Мәселен, Бауыржан Момышұлы мен Фидель Кастро қарым-қатынасы жайлы көп айтылып-жазылады. Алайда, Фидель Кастро Бауыржан Момышұлымен қатар өмір бойына жақсы көріп, өмір бойына өзін қарыздар сезініп келе жатқан қазақтың және бір батыр перзенті бар екенін бүгінгі таңда ешкім де білмейді, білетін аз қауымның өзі ол жайында тіс жарып айта алмайды.
Ол дара тұлға - Тұрсынхан Мұсақанов! Иә, дәл таптыңыз, Алматы облысының әкімі болған, қазірде сенатор Аңсар Мұсақановтың әкесі, ұзын бойлы, тау тұлғалы, көп сөйлемейтін, көпшілік жиындарға беталды бара бермейтін, қараторы сұсты келбетті біртоға жан Тұрсынхан ағамыз. Кеңес Одағы мен АҚШ арасы қатты ушығып тұрған сәтте құпия қызметтің орталық штабында басшылық қызмет атқарған Жанат Атаның айтуынша, Тұрсынxан Фиделдің жеке оққағары болып белгіленіп, Куба төңкерісі кездерінде жалынды көсемнің қасынан бір елі де қалмаған. Сондай қарбалас заманда Фидельге қастандық жасалғанда Тұрсынхан өз кеудесін тосып оны ажалдан аман алып алады. У жебе-ине Тұрсынханның кеудесіне киген сауытты тесіп өтіп, денесіне болмашы ғана зақым келтіреді. Алайда аса күшті у оққағарды естен тандырып жібереді. Сауытты дереу шешіп үлгерген қатарластары Тұрсынханның өмірі үшін күресіп жатқанда Фидель өмірі шешпейтін әскери күртешесін дереу шешіп жіберіп, қазақ батырының үстіне жапқан екен. Егерде, Тұрсынхан ескі мәмлүктердей жанын пида етіп шалт қимылдамағанда, Куба төңкерісі Фидельсіз мүлдем сөніп қалар ма еді, ал Куба төңкерісі болмаса АҚШ айқын басымдылыққа ие болып, адамзат тарихы басқаша бағытта даму қарқынына душар болар ма еді?! Еске алатын, білмегенімізді түгендейтін, тәуба мен шүкірге көп жүгінетін тарихи сабақтарымыз мол ау, сірә?!