Еуропадағы қазақтар және «жұтылу қаупі»
Батыста тұратын бірнеше мың қазақ ол жаққа әртүрлі тағдырмен жеткен. Зерттеушілердің дерегінше, Еуропадағы қазақтардың қазіргі уайымы – ана тілдерінің жайы.
Этникалық қазақ Мұстафа Ұлысханның Францияда тұрып жатқанына 30 жыл болған. Ол – тері өңдеп, киім тігетін шағын шеберхананың қожайыны.
– Аталарымыз Түркия арқылы Қытайдан қоныс аударған. Ал өзіміз бұл күнде жергілікті тұрғындармен етене араласып, олардың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпына бейімделіп кеттік, – дейді ол.
ЕУРОПАҒА АУҒАН ҚАЗАҚТАР
Түркияда тұратын қазақ ғалымы Әбдуақап Қараның дерегінше, шетелдегі қазақтар Батысқа екі түрлі топпен барған. Біріншісі – өткен ғасырдың ортасына таман Қытайдан Түркияға ауып барған қазақтар. Олардың кейбірі 1960 жылдардан Түркия мен Еуропа елдері арасында жұмысшы алмасу келісімі бойынша Германия, Франция, Швеция, Голландия мен Австрияға қоныстанған. Екіншісі – 1920-1930 жылдары Қазақстаннан Ауғанстан мен Иранға ауып, 1980 жылдары Еуропаға өткен қазақтар.
Зерттеуші, «Европадағы қазақтар» кітабының авторы Досан Баймолда Еуропадағы қазақтардың негізгі бөлігі Түркиядан барғанын айтады.
– Еуропадағы қазақтардың негізгі бөлігі Германия мен Францияда тұрады. Қалған мемлекеттерде тұратындардың саны өте аз, – дейді ол.
Тарихшы Гүлнар Меңдіқұлованың дерегінше, Еуропа елдеріне Қазақстанан тікелей жеткен қазақтар да бар.
– Еуропаға [Қазақстаннан] қазақтардың ең алғаш қоныс аударуы Мұстафа Шоқайдан (1921 жылы Францияға кеткен – ред.) басталады. Еуропаға қоныс аударған қазақтардың екінші легі – [1941-1945 жылғы] Совет-Герман соғысы кезінде тұтқынға түсіп, сонда қалып қойған қазақтар, үшіншісі – Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін қызметтік жолмен не жеке кәсіппен көшкендер, – дейді ғалым.
Тарихшы Гүлнар Меңдіқұлова «Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқындалып, Еуропада қалып қойған қазақтардан ұрпақ жоқ» екенін айтады. Бірақ зерттеуші Досан Баймолда бұл пікірмен келіспейді.
– Соғыста тұтқыны болып түскендердің ұрпағы бар. Өкініштісі, олардың барлығы өздерінің ана тілін ұмытып қалған, – дейді «Европадағы қазақтар» кітабының авторы.
УАЙЫМ – ҚАЗАҚ ТІЛІ
Досан Баймолданың сөзінше, «Еуропа қазақтарының әлеуметтік жағдайы өте жақсы болғанымен, қазақ тілін меңгеру жайы өте күрделі».
– Еуропадағы қазақ диаспорасы өкілдерінің тілдеріне өздері тұратын жерлердің тілімен ассимиляцияланып (жұтылып) кету қаупі туындап тұр, – дейді ол.
Тарихшы Гүлнар Меңдіқұлова да Еуропадағы қазақтардың ана тілі мәселесіне келгенде қиналатынын растайды. Оның пікірінше, мұның бір себебі – «еуропалық стильде өмір сүріп, тынымсыз жұмыс істейтін қазақтардың қазақша әңгіме-дүкен құруға уақыттары жоқ». Бірақ ғалым Батыстағы қазақтардың бір-бірімен аралас-құралас болуына басқа да кедергі бар екенін айтады.
– Еуропада бұрыннан тұрып келе жатқан қазақтар мен 1990 жылдардан кейін Қазақстаннан көшіп барған қазақтар бір-бірімен араласпайды. Өйткені Түркиядан барған қазақтар түрікше сөйлеуге, ал Қазақстаннан барғандар орысша сөйлеуге бейім. Сол себепті бір-бірімен тіл табысып кете алмайды, – дейді Гүлнар Меңдіқұлова.
Еуропада тұратын қазақтардың ең үлкен уайымы тіл мәселесі екенін Ауғанстанда туып, кейін Данияға көшіп барған Қажы Акпар Аюби де бұған дейін Азаттыққа берген сұхбатында айтқан. «Біздің өмір сүріп отырған ортамыз өзге болғандықтан ана тілін үйрену өте қиын. Өйткені білім алу да, қызмет те - дат тілінде. Қазақ тілін үйренуге уақыт та жоқ» деген еді шеттегі қазақ.
Қазір Еуропа елдерінде нақты қанша қазақ өмір сүретінін олардың өздері де, зерттеушілер де дәл айтып бере алмайды. Тарихшы Гүлнар Меңдіқұлова «Еуропада 5 мыңдай қазақ бар» деп есептейді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаевтың дерегінше, Германияда – 300-дей, Францияда – 200-ден астам, Швецияда – 100-ден астам, Австрияда 20 шақты қазақ отбасы бар. Еуропа қазақтарының ең көп қауымы тұратын Германияда, Қазақстаннның ол елдегі елшілігінің мәліметінше, 1 мыңнан астам этникалық қазақ бар.
azattyq.org