Бату хан құрған Алтын Орданың мұрагері «Ресей» болса, біз кімбіз?
Зиялысы да, тарихшысы да Шыңғыс қағанның немересі, атақты қолбасшы Бату хан құрған Алтын Орданың мұрагері «Ресей» деп жанұшыра айғайлап жатқан орысты көрдік… Қазақ болса, сол Шыңғыс ханды әлі де болсын өз бабасы деп мойындаудан қашып келеді. Кеңес тарихшылары қаншама бұрмалағанмен, Ұлы басшының қазақ екендігін дәлелдейтін фактілер жеткілікті. Шыңғыс ханның ұрпақтары, Алтын Орда хандарының барлығы Моңғолияда емес, қазақ жерінде отырғанының өзі-ақ көп нәрсені аңғартпай ма?
Сол «Шыңғыс ханның елі» қолданған тіл мен сол тұстағы этникалық атауларды бүгінгі моңғолдар білмейді. Арада бар болғаны 800 жыл ғана өтсе де, олардың жазуын не оқи алмайды, не түсіне алмайды. Ал, біз түркі тектес халықтың біріміз, осыдан 700-800 жыл бұрынғы көне түріктердің жазуын ашып, оқып жатырмыз. Сонда бұл жақындық пен айырмашылық нені білдіреді?..
Тарихи деректерге сүйенсек, Шыңғыс ханның мұрагеріміз деп жүрген бүгінгі Моңғол мемлекеті мен байырғы моңғолдар арасындағы тарихи сабақтастықтың күмәнді тұстары өте көп. Тарихшылар бір кезде бұлардың тегі Алтайдан ауып келген татандар деген деректі алға тартқан да. Олар қазіргі өлкеге көшіп келіп, моңғол деген атты қайта түлеткендер ғана. Орталық Азиядан кеткен оғыздардай мысалы. Біз білетін сол оғыздар Византия империясын басып алып, «Түрік» деген атты тарих сахнасына қайта шығарған жоқ па?! Жеме-жемге келсек, құрылтай мен хан деген атаулардың өзі – қазіргі моңғолда жоқ сөздер. Ал, Алтын орда хандарының есімдері, қалалар мен ондағы әскери және әлеуметтік атаулардың барлығы кілең түркі сөздерінен тұрады. Қазіргі моңғолдар орыс шовинистерінің қарапайым ғана қитұрқылығын пайдаланып, Шыңғыс ханды өздеріне меншіктеп алды. 19-ғасырларда Карамзиннің француз тіліне аударылған «Орыс мемлекетінің тарихы» атты еңбегін жан-жақты зерттеген маркиз Астольф де Кюстин былай деп жазған екен: «Егер, орыстардың өздері соншалықты әспеттейтін тарихшыларының еңбегінде өтіріктің өріп жүргеніне көздері жетсе, оны мүлде жек көріп, Карамзиннен ғана емес, одан бөлек те тарихшылардың жалған дүниелерін оқуға қатаң тыйым салуды Патшадан жалынып сұрар еді».
Совет одағының және Ресейдің «ленинградтық» атақты журналисі, бірнеше авторлық бағдарламалардың жүргізушісі («600 секунд» — әлемдегі рейтингі ең жоғары телебағдарлама ретінде Гиннестің рекордтар Кітабына енген), Мемлекеттік Думаның депутаты болған саясаткер-публицист Александр Невзоровтың «Nevex TV» арнасында жарияланған «Эхо Москвы» радиосына берген сұхбаты — саяси ортада дау-дамай тудырып, орыс қоғамындағы талай қызу пікір-таластың себебі болғаны анық.
Радиобағдарламада ол Катанов атындағы Хакас мемлекеттік университетінің тарих және құқық Институтының доценті, белгілі ғалым Генадий Тюньдешевтің 2013 жылы Минусинскте жарық көрген «Ұлы Хан Бату — орыс мемлекеттілігінің негізін қалаушы» атты кітабы Нобель сыйлығына әбден лайық және оның әйтеуір бір күні берілу керектігін айтады.
Невзоровтың пікірінше, бұл кітап — атақты орыс қолбасшысы Александр Невскийдің дулығасындағы араб тілінде, алтын әріптермен «Алла жақтан бір көмек және жақын бір жеңіс бар» аятының неліктен жазылғанын түсіндіреді.
«Нобель сыйлығын Тюньдешевке бере ме, жоқ па — нақты білмеймін. Өйткені ол сыйлықтың тарихшыларға еш қатысы жоқ. Бірақ біз — дәл бүгін «Ұлы Хан Бату — орыс мемлекеттілігінің негізін қалаушы» атты ғаламат тарихи еңбектің шыққанын жасырмай айта аламыз. Авторға шексіз алғыс білдіріп, лайықты бағасын беру керекпіз. Кітаптың әр жолына жүрегін салып, оны асқан шеберлікпен жазып шыққан», — дейді Александр.
ult.kz