Байтұрсыновты ату жазасына кескен қазақтың кім екенін білесіз бе?
Өткен ғасырдың басында «менің елім, менің жерім» деп ұрандап, қаймана қазақтың басын қосып, өз алдына жеке, азат мемлекет құруға тырысқан алаш арыстарының тағдырлары қасіретпен аяқталғаны белгілі.
Алаш баласының бостан ел болуын аңсаған олардың ешқайысы большевиктік-коммунистік жүйенің темір шеңгелінен құтылып кете алмады. Исі қазақ үшін құрбан болды. Сол тұста алаш қозғалысының басында Әлихан, Ахмет, Міржақып секілді ұлт көсемдері тұрды.
Алаш арыстарының өмірін зерттеп, олар жөнінде көптеген құнды дүниелер жазған Тұрсын Жұртбай Ахмет Байтұрсыновты ұстап, тергеп, ату жазасына кескен адамның ағайын-туысын жақсы білетін болып шықты. Ол былай дейді:
— Тағдырдың мына мазағын қараңыз, тергеу ісімен танысып отырғанда Ахаңды ұстап, тергеп, ату жазасына кесіп, үкім шығарып, «үкім орындалды» деп жазған адамның ауыл-аймағын, ағайын-туысын жақсы білетін боп шықтық.
Талай адамға, оның ішінде менің жан досым Жәнібек Кәрменұлына істеген жақсылығы үшін ол адамға сүйсініп те жүретінмін. Тіпті, сонау жетпісінші жылы маған дастан да жаздырмақ болды ғой деймін. Баласы хабарласып, оңашада жай-жапсарды біліп, үнсіз қалғаны: «енді жария етесіз бе?» дегендегі сұраулы жанары біздің жүрегімізді шымырлатты.
Өзгені қайдам, біз ол кісінің атын атамауға іштей бекіндік. Ол үшін кешірім өтінемін.
Ал куә ретінде тартылған, Ахаңның атылуына себепкер болған Ғайнижамал Қабдалиеваның өзі бізді іздеттіріп, басынан кешкенін айтып бергенде, төбе шашымыз тік тұрды (Бұл оқиға «Ұраным Алаш» кітабының бірінші бөлімнің қорытындысы ретінде берілді. Қайталап бір көз қиығын салсаңыз, сіздің де жүрегіңізді шымырлататыны анық).
Ал Ахаңның Нұржанов деген тергеуші жерлесі: «Мен Байтұрсыновтан жауап алдым. Сонда бір апта дайындалып барғанда, білімім үш сағатқа қана жететін», – деп баспасөздерде естелік айтып жүрді, – дейді Тұрсын Жұртбай.
Бәлкім,
Тұрсын Жұртбай кейінгі ұрпақтар арасында осы мәселеге байланысты үлкен жанжал, дау-дамай тумасын деп әлгі адамның атын-атап, түсін-түстемеген болар.
Бірақ кімнің-кім екенін біле жүру үшін, айтқаны да дұрыс па еді?
Ақшарқат Ахметбек
365info.kz