Әрбір журналист депутат болуға лайықты - журналист

Әрбір журналист депутат болуға лайықты - журналист

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл журналистері арасында өзіндік абырой-беделге ие, айтары бар, қоғамдық өмірге белсене араласып, пікірін ашық айта алатын азаматтар баршылық. Солардың қатарында, тіпті көш басында Тараз қалалық "Jambyl-Taraz" газетінің директор-бас редакторы, қалалық мәслихаттың депутаты, көпбалалы ана Эльмира Мырза-Ғали бар.

Жаны, болмысы нәзік болса да, салмағы ауыр жүк – халықтық мәселені көтеріп жүрген Эльмира Иниятқызымен бүгін сұхбаттасудың сәті түскен еді.

 

– Эльмира Иниятқызы, көпшілік Сіздің редакторлығыңызбен қатар, депутаттығыңызды да көбірек тілге тиек етеді. Ашығын айтқанда, қызыға қарап, ұқсап баққысы келеді. Солардың қатарында ізіңізді басқан сіңлілеріңіз көп. Айтыңызшы, Сізге қай образыңыз ұнамдырақ?

 

– Меніңше, журналист пен депутат ұқсас, тіпті бір образ. Өйткені, екеуінің де мақсат-мүддесі, атқарар рөлі, миссиясы бір. Екеуі де халықтың арасында, елдің ішінде туындаған барлық мәселеге мән беріп, оны билікке, шешуші мекемеге жеткізеді. Халықтың мүддесін қорғайтын, оларға барынша жағдай жасайтын Заңдардың қабылдануына ықпал етеді. Сондықтан, мен бұл екеуін бөле-жармаймын. Бәлкім, депутат болу маған ешқандай қиындық туғызбауы да сондықтан шығар. Меніңше, әрбір журналист депутат болуға лайықты.

 

– Сізді небәрі 26 жасында бүтіндей бір газетке редактор болған журналист ретінде білеміз. Біздің салада талантың мен талабың, басқарушылық қабілетің, білім-білігің болмаса басқалардай әке-көкенің, тамыр-таныстың арқасында басшы болу мүмкін еместігін тағы мойындаймыз. Жас болсаңыз да бас болу үшін біраз тәжірибеңіз болды ғой, демек?..

 

– Қазір ойласам, шынында тым жас болған екенмін. Бірақ сол кезде өзімді анау айтқандай жас көрмедім. Расында, біздің салада бойыңда жазуға деген икем болмаса, бәрі бекер. Мен журналистиканы да өнер деп бағалаймын. Өйткені, ақпаратты дұрыс жазып, тарату үшін де адамға сөз өнері, оны сауатты жаза алу біліктілігі керек. Көптеген мамандықты оқып, көріп үйренуге болар, бірақ журналистиканы үйрену мүмкін емес.

 

Ал менің редакторлығыма келер болсақ, ол кезге дейін жиған-тергенім мол болды. Журналист болу бала күнгі арманым болғанымен, оның оқуына түсу үшін Алматыға ата-анам жібермей, филологияны оқыдым. Оған еш өкінбеймін. Өйткені, Мекемтас Мырзахметұлынан тәлім алып, ғылым жолына түстім. Абайды таныдым, Бауыржанды зерттедім. Магистратураны тәмамдап, кандидаттығымды қорғайтын тұста еліміздегі ғылыми кеңестер жабылып, басқаша құрылымдалды. Бала күнімде аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарға мақала жазып тұратыным бар еді. Сондықтан, журналистикаға бет бұрдым. Сол кезде "Қазақстан-Тараз" аталатын бүгінгі "Jambyl" арнасына имене басып, алғаш барған кезім есімде. Телеарнаның басшысы Бекет Момынқұл ағамыз маған зор сенім артып, екі-ақ апта сынақ мерзімінен соң жұмысқа қабылдады. Сынақ мерзімінде Жеңістің 60 жылдығына арналған, батыр Бауыржан Момышұлының хаттары негізінде эпистолярлық жанрда "Батыр туралы баллада" фильмдер желісін түсірдім. Маған оператор ретінде бекітілген Дәулет Жаманқұлов микрофонды дұрыс ұстауға дейін үйретті. Арнада қазіргі белгілі азаматтар, сол кездегі жас журналистер Алпамыс Қазыбаев, Біржан Сартбек, Жасұлан Әбліхалық, Ғазиза Рүстемова, Қасымжан Байкүшіков сынды көптеген талантты қыз-жігіттер жұмыс істейді екен.

 

Жұмысқа қабылданған соң ерінбей ізденіп, талмай жұмыс істедім. Сөйтіп, айналдырған 4-5 айдың ішінде ақпараттар бөлімін меңгердім. Одан бөлек "Ақиқат алаңы", "Асыл мұра" сынды бірқатар бағдарламалар түсірдім.

 

– Сонда телеарнада қанша уақыт жұмыс істедіңіз?

 

– Бір жарым жыл ғана. Одан кейін сол арнаның бір бөлігі саналатын радиоға басшы етіп тағайындады. Шынымды айтсам, бастапқыда радиоға ауыстырғанына іштей ренішім болды. Бірақ, ол жерде мен өзімнің ұйымдастырушылық, басшылық қырымды шыңдауға таптырмас мектеп болды. Ескі жүйемен, көнерген техникамен жұмыс істеп жүрген ұжымға екі айдың ішінде заманауи техниканың тілін меңгертіп, сол күнге дейін ешкім аса санаса бермейтін радионы өз бетінше қаржы таба алатын, облыстың медиа саласында өзіндік орны бар ақпарат құралы ретінде таныттық. Ол кезде атқарылған жұмыстар туралы көп әңгіме айтуға болады. "Имани гүл", "Шұғыла", "Өнер өлкесінде", "Кәсіп түбі – нәсіп" сынды радио-бағдарламалар жасадық.

 

– Эльмира Иниятқызы, телеарна мен радиода жүрген журналистің әдетте газетке келе қоюы екіталай. Ал Сіздің бірден редактор болып келуіңіз – батылдық. Газетке келу тарихыңызды айтып беріңізші?!

 

– Иә, телеарнада, одан кейін радиода қызу жұмыс істеп жүргенде газетке ауысамын деген ой бола қоймады. Қай салада жүрсем де адал еңбек етсем болғаны дейтінмін. Бірде сол кездегі Тараз қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы болған Әбдікәрім Әбдімомынов ағамыз хабарласты. Жұмысымды сырттай бақылап жүрген ол Тараз қаласы әкімінің орынбасары болып жүрген Күлімхан Тоғызбаеваға алып кірді. Екеуі мені газетке редактор болуға үгіттеді. Өйткені, сол кездегі қала әкімі Ілияс Тортаев редакторлыққа жас адам табуды тапсырған екен. Осылайша, менің "Jambyl-Taraz"-дағы өмірім басталып кетті. Ол кезде редакцияда Еділ Әлиев, Рахан Мөмей, Талғат Талапұлы, Сәуле Сейдахметова, Людмила Мельник, Елена Лялина сынды журналистер еңбек ететін. Одан бері біздің ұжым талай рет түлеп, бүгінде бәрі де басқаша болып отыр.

 

– Ендеше газеттегі бүгінгі ерекшеліктер жайлы айтыңызшы.

 

– Ең бастысы – заман талабынан қалмау. Болдым-толдым деген күні журналистің шығармашылық өсу жолы тоқтайды. Ал біздің сала үнемі шыңдалып, ізденіп жүруді талап етеді. Бүгінде редакциялар классикалық үлгідегі газетті шығарып, таратумен ғана айналысса, олар көш соңында қалып, тіпті жойылып кетуі де бек мүмкін. Сондықтан, техника мен технологияның, ақпараттық кеңістіктің барлық тетігін қолдана білу қажет. SMM, SEO сынды ұғымдар қосылды. Оның барлығын меңгеріп, енгізіп жатырмыз. Республикада алғашқы болып біздің газет жарияланатын мақалаларға бейнеанонс жасай бастағанын атап өткім келеді. Сондай-ақ, әлеуметтік желілердің әлеуетін де газетті насихаттауға барынша жұмылдырғанбыз. Қазір бізде ең мықты мамандар жұмыс істеп жатыр деп сенімді түрде айта аламын.

 

– Эльмира Иниятқызы, газет туралы, ұжымыңыз жайлы зор махаббатпен әңгімелейсіз. Оларды жоғары бағалайтыныңыз, мақтан тұтатыныңыз үнемі көрініп тұрады. Бұл бас редактор ретіндегі ілтипатыңыз болар. Енді депутаттық мандатыңыз туралы айтайықшы. Қашан, қалай келдіңіз?

 

– Қоғамшыл адаммын. Қоғамдағы әрбір мәселе мені бейжай қалдырмайды. Үн қатуға тырысамын. Бәлкім, сол әсер еткен шығар.

 

– Жоғарыда журналист те, депутат та бір мақсатта жұмыс істейтінін айттыңыз. Халық қамы, жұрт жанайқайы дегендей. Сіз депутат ретінде жұрттың жанайқайын тыңдай алдыңыз ба? Сайлаушылар алдында берген уәдеңізде тұрдыңыз ба?

 

– Сайлаушылармен ең алғашқы кездескен кезде-ақ көптеген мәселені ашық айтып, басын ашып алғанмын. Мен кейбір халық қалаулылары секілді меценаттық жасай алмайтынымды, халықтың тұрмыс-тіршілігіне қаржылай, заттай көмек көрсетуге мүмкіндігімнің жоқтығын, бірақ олардың мәселесін билік тарапынан, тиісті мекеме тарапынан шешіп беруге барынша атсалысатынымды ашып айттым. Күні бүгінге дейін сол уәдемді орындауға тырысып келемін. Әлбетте, қолымда артық дүние болса, қаржылай да көмектесуге тырысамын.

 

– Редактор, депутат ретіндегі ұстанымыңыз қандай?

 

– Адалдық. Әділдік. Парасаттылық. Барынша осы үш ұстанымды басшылыққа аламын. Адастырған кезі жоқ.

 

– Ендеше осы ұстанымнан тайқымастай беріктік, мықтылық тіледім. Бөлген уақытыңызға рақмет!


Әсел Мұратбекқызы

BAQ.KZ

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста