Амангелді Имановты өлтірген Міржақып Дулатов па?

Амангелді  Имановты  өлтірген  Міржақып  Дулатов па?

Жасыратын ештеңе де жоқ, бұл «қазақы ерегес» ХХІ ғасырдың да табалдырығын аман-сау аттады. «Алашордашылар» ақталатын тұста Байтұрсынов пен Дулатовтың басын тағы да қатерге тігіп, сол Торғайда «халықтық сот» жүргізілгені шындық. Ондағы «билердің» көзі әлі тірі. Осы ретте «Алаштың» ісін» архивтен қарап, көшіріп жүрген кезімде танысқан, бірақ қолжазбасы тосыннан қолыма түскен бір «халықтық пікірді» назарға ұсына кеткім келеді. Сәл әдепсіздік екенін білемін. Алайда маған да сол сексенінші жылдардың аяғында бұл хатты ресми мекемелер оқытып, пікір сұрағанын ескере келіп, сондағы сұраққа енді реті келіп тұрған кезде жауап бере кеткім келеді. Мен Қазақстан орталық партия комитетіне, партия тарихын зерттеу институтына, тарих институтына жазылған бір адамның бірнеше хатының ішінен мазмұнын өзіме таныстырған марқұм М.Қозыбаевқа жолданған нұсқаны және сол кезде маған таныстырған ғалымның жауабын пайдалануды жөн көрдім. Бұл тосын хатқа қайта оралуыма досым, республикалық Бас прокуратураның жауапты қызметкері Сәулебек Жәмкенұлының да себепкерлігі тигенін ескерте кетемін.
Ол – алашордашылар жаппай ақталып жатқан кез еді. Оған осы жолдардың авторының қатысы алғысөзде айтылған болатын. Сол күндері Аманкелді мен Міржақыптың отанынан пікір сұралды. Соған байланысты бейресми «халық соты» өтіпті. Сонда тарих институтының директоры, академик М.Қозыбаев алдында үйіліп жататын қалың қағаздың арасынан төмендегі хатты ұстатты. Сол күндердегі құпия саналатын әңгімені жаңғыртып отырғаныма марқұмның әруағынан кешірім сұраймын.
Халық жоқтаушысының 1989 жылы 20 тамыз күні академикке жазған хатының мәтіні төмендегідей:
«Қымбатты Манаш Қозыбаев!
Мен Торғайдағы «Алаш» партиясының көрнекті басшыларының бірі — Торғайда 1919 жылы Совет үкіметін құлатуға тікелей басшылық еткен А.Имановты Қостанай партизандарының басшысы Л.Таранды өлтіруге қатысқан және Торғайдағы атақты 17 большевикті атуды ұйымдастырған – Міржақып Дулатов туралы естігендерім мен білгендерімді, газет, журнал, тарихи романдарда жазылғандарды дәлел етіп, Қазақстан Орталық партия комитетіне (Ө.Жәнібеков жолдасқа), Орталық партия тарихы архивына – Жағыпаров жолдасқа, белгілі чекист, жазушы Серік Шәкібаевқа, Дулатовқа әдеби мұраларға шығаруға «қамқоршы» болып отырған белгілі ақын ағамыз Әбділда Тәжібаевқа хаттар жолдап, өз ойымды кең көлемде білдіргенмін. Онда егжей-тегжейлі Аманкелді Имановтың, Лаврентий Таранның және торғайлық 17 большевиктің қалай атылғаны жайында баяндағанмын. Осыған қарамастан Қазақстан Орталық партия комитетінің комиссиясы М.Дулатовты толық ақтап шығарды. Орталық комитеттің М.Дулатов туралы қаулысында: «А.Имановты өлтіргені, оған М.Дулатовтың тікелей жауапты екені документтермен және көз көргендердің куәлігімен дәлелденбеген», – деп қортынды жасайды. Комиссия бұл жерде «Көз көргендер» деп кімдерді айтып отыр екен? «Социалистік Қазақстанда» М.Дулатов туралы көлемді әдеби мақала жазған Ә.Тәжібаев ағамыз А.Иманов атылғанда 10 жасар бала, бұл –бір, екінші – Ә.Тәжібаев Торғай даласын сонау 1919 жылдарда да, одан кейін де көрмеген адам. Ал, атақты ақын-жазушылар Сәбит Мұқанов пен Бейімбет Майлиндер өздерінің шығармалары мен естеліктерінде Аманкелдіге қатысты бұл деректерді толық қуаттайды. Ал, көзі көргендердің дерегіне жүгінсек, қазір 91-де, Сталин репрессияның кезінде бірнеше дүркін тұтқындалып, кейіннен ақталған, 1923-1924 жылдары Торғай уездік начальнигі болған Ерден Досмағанбетов деген ардагер ағамыз былай деп еске алады:
– Алаш партиясының М.Дулатов бастаған тобы (Алаш әскерлерімен қосқанда 100 шақты адам) 1919 жылы қыстай Торғайдың «Сарықопа» көлінің маңайындағы ауылдарда болды, бұл кезде Торғайда Совет үкіметі орнап, қаланы әскери комиссар – А.Иманов билеп тұрған. Міне, осы алаш адамдары, оның бастығы М.Дулатов Аманкелдіге арнаулы адам жіберіп: «Біз сіздермен біргеміз. Бізді Торғайға жіберіңдер, сендерге бағынып жұмыс істейміз», – деп өтініш жасайды. А.Иманов алаштардың бұл өтінішін өзінің орынбасары Веденеев арқылы Ә.Жангелдинге хабарлайды, бұл кезде Ташкентте жүрген Жангелдин Алашордашыларға мынадай талаптар қойып, Торғайға кіргізбеуді өтінеді. 1. Совет өкіметінің саясатын сөзсіз мойындау. 2. Алашорданың атты әскер полкін қарусыздандыру. Амал не, совет үкіметіне астыртын кіріп алған, Торғай соғыс комиссарының жәрдемшісі – Кәрім Тоқтабаев опасыздық жасап, Алашорда басшыларын Торғайға кіргізеді. Алаш үкіметі Торғайға кіргеннен кейін өздерінің зымиандық планын тездетіп іске асыра бастайды, Торғайға кіргеннен кейін Алашордашылардың соғыс советі құрылып, олар Аманкелді жағындағы қызыл әскерлерді қарусыздандыра бастайды, ақыр соңында неше түрлі айла-шарғымен халық батыры Аманкелді Имановты қолға түсіреді, түрмеге қамайды, ал Қостанай жақтан келе жатқан Л.Таранның отрядын алдап қолға түсіреді, одан арғысы тарихтан белгілі. А.Имановты, Л.Таранды, К.Иноземцевті және олардың 17 большевик жолдастарын жаппай атумен аяқталады. Бұларды жазалау үшін Алашордашылардың Торғайда әскери советі құрылды. Олар – М.Есполов, М.Дулатов, Омар Алмасов, Кәрім Тоқтабаев, Мұзафар Қасымов, Б.Сисекенов. М.Сейдалин, комендант – Р.Мақатов, түрік – Хидоят, Д.Ақталовтар еді. Бұларға қоса қыпшақ Әбдіғапар Жанбосынов, Сәлімгерей Қаратілеуовтер болады. Үкім орындалды: «Аманкелдінің сүйегін ешбір адам көрмейтін жерге апарып көміп тастаңдар!», – деп М.Дулатов әмір етеді. Алашордашылардың Торғайдағы ойраны осымен аяқталады. Бұл кезде Қостанай жақтан белгілі Жиляевтің отряды Торғайға кіреді, «Алаш» басшылары қарулы отрядқа қарсы тұра алмай, бет-бетімен қашып кетеді. Жиляев отряды Торғайды алғаннан кейін, іле 1-2 күн шамасында Ақтөбе майданына жол тартты. Жиляевтың одан арғы тағдыры – реввоентрибуналдың атуымен аяқталады.
А.Имановтың өлімін естігеннен кейін Дала комиссары – Әліби Жангелдин Торғайға келді. Торғайда совет өкіметі орнап, Торғай уездік атқару комитетінің председателі болып – Сейтқасым Көшімбеков сайланған. Ол А.Имановтың өліміне байланысты қылмысты істерді тексеретін комиссия құрды. Міне, осы комиссияның шешімімен, Аманкелдіні өлтіруге қатысқан, қыпшақ ханы – Әбдіғапар Жанбосыновты, Алмасов Омарды, Торғай территориясында ұстап, атып өлтіреді. Ал, М.Дулатов бастаған басқа «Алашордашылар» бұл кезде Торғайдан қашып кетеді.
Міне, М.Дулатовтың Революцияға жасаған опасыздығын, А.Имановты, Л.Таранды және олардың 17 серіктерін қалай өлтіргендлігі жайлы «көз көрген» тірілердің біреуі – Ерден Досмағанбетов қарт осылай дейді. М.Дулатов өз заманының алдыңғы қатарлы прогрессивті оқыған адамы, ол бұл істің барлығын ойластырып, саналы түрде істеді, ол үшін жауап беретінін білді де! Міне, осындай адамдарды біз бір күнде дәріптеп, бұрынғы жазылған тарихты, көзі көрген қариялардың естелігін қалайша нольге шығарамыз, бұған келешек ұрпақ не айтады? Әлде, халықтың көкейінде шексіз құрметке бөленіп, өлең-жырға арқау болып келген халық батыры – Имановтың еңбегін жоққа шығарамыз ба?! Бұл олардың аруағын қорлау, есіл ерлердің рухын аяққа басу болмай ма? Әбділда ағамыз айтқандай «бізге тек әдебиетші Міржақып керек» – деп, оның революция алдындағы қылмысын кешіре салу дұрыс па?! Сондықтан менің пікірім мынау:
М.Дулатовтың А.Имановты өлтіруге тікелей қатысқандығы баспа беттерінде анықталсын; ол үшін қазіргі Аманкелді ауданында «Иманов» атындағы совхозда тұрушы А.Имановтың туғандарынан сұралсын, бұдан кейін А.Иманов туралы Қазақстан баспаларында шыққан барлық көркем әдебиет, тарихи материалдар, азамат соғысы жылдарындағы Қазақстан чекистерінің естеліктері іздестіріліп, олар жария етілсін?! Әйтпесе, халық өзінің жүрегінде мәңгі орын алған Аманкелді сияқты батырдың өлімін іздейді де жоқтайды! Сонда не айтамыз?
Сәлеммен Қорған Әмірхамзин. Август, 1989 ж.»
Иә, хаттағы айтылғандай және шындыққа өте жақын жорамал – «бүкіл қыпшақ көтеріліске шықса не бетімізді айтар едік?». Манаш марқұм өзіне тән әдептілікпен қайырған жауабын оқып та беріп еді. Ол кезде біз де жартылай астыртын жұмыс жағдайында және қалайда алаш азаматтарын ақтау шебінде жүргендіктен де, тергеу ісіне қатысы болар деп қажетті деректерді жиыстыра жүретінбіз. Соның ішінде академик М.Қозыбаевтың да жауабы сақталыпты. Оны да назарға ұсынамыз. Өйткені осында айтылған уәжге біз де қосыламыз:
«Құрметті Қорған!
Хатыңызға кеш жауап беріп отырғаныма кешірім сұраймын, демалыста болдым. Сіз: «Аманкелдіні өлтіргендердің бірі Міржақып Дулатов еді», – деп, оның есімінің ақталуына қарсы шығасыз. Шынында «Алашорданың» Амангелдіні өлтіргені рас. Бұл оқиға 1919 жылдың майының 18-нен 19-на қараған түні болды. Ал 1919 ж. апрель айында, одан қалды декабрь айында «Алашорда» қозғалысына қатысушыларға амнистия (кешірім) жарияланды. Сол кешірім бойынша совет платформасын қабылдағандардың бірі – М.Дулатов.
Қадірменді Қорған! Өзіңіз ойлап көріңізші: атақты Куприн ақ гвардияшылар қатарында болды, Парижге жер ауып, совет өкіметіне лағынет айтты, ал совет өкіметі болса оны кешіріп, барлық еңбектерін жариялады. Ал, біз неге қазақтың ат төбеліндей интеллигенциясының баршасына лағынет айтуымыз керек, олардың баршасы «Алашорда» қозғалысына қатысты десе болады.
Міржақып Дулатовтың кінәсі де аз емес, оны біз Қазақстан тарихында айтамыз, сонымен қатар, оның тұңғыш роман жазғанын, патшаның отаршылдық саясатына қарсы шыққанын, кезінде Аманкелдіні жоқтап мақала жазғанын айтуға парыздармыз. Адам бұл дүниеге келеді, кетеді, бірақ оның орны халық қазынасына берген мұрасымен есептелсе керек. Осы тұста Міржақыптың «Оян қазағы» дер кезінде Сәкенді де, Сәбитті де, Бейімбетті де оятқаны хақ. Оның есімі отаршылдықтың саясатына қарсы күрескен қауымның аузында болды десек, қателеспеген болармыз. Өмірінің екінші сәтінде ол баррикаданың арғы бетінде – Совет өкіметіне қарсы күресті. Ал күресте оқ атылады, қылыш шабылады, қан төгіледі, біз оның бұл кездегі істеген қылмысын ақтап алудан аулақпыз. Міржақыптың Алашорданың соғыс советін басқарғаны рас, ол Советтің Аманкелдіні өлімге кескені рас. Міржақыптың сол Советтің мүшесінің бірі есебінде кінәлі екені де рас, бірақ шешім ауызша қабылданған, жазба дерек жоқ, ендеше Міржақыпты ешкім қолынан ұстап ала алмайды, тек жанама дәлелдермен айыптай алады. Сондықтан да Орталық Комитеттің шешімінде де Аманкелдінің өліміне Міржақыптың қатысы туралы үзілді-кесілді дәлел жоқтығы айтылған.
Қорыта айтқанда Міржақыптың өмірі үш кезеңнен тұрады. 1-ші кезеңі –Отаршылдыққа қарсы күрескен, бостандықты аңсаған елдің өкілі. 2-ші кезеңі – Алашорда қозғалысына қатысып, қолына қару алып, Совет өкіметіне қарсы күресуі. 3-ші кезеңі – кешірім алып, кінәсін ақтауға тырысып, еліне халқына қызмет етуге талаптанған жылдары.
Біз Міржақыптың өмірінің 2-ші кезеңін айыптай отырып, өмірінің қалған екі кезеңдегі пайдалы істерін, халыққа берген мұрасын көрсетуге қарыздармыз. Бұл өскен елдің белгісі, оның азаматтық төл ісі болса керек. Біз М.Дулатовтың жеке өміріне, міне, осылай диалектикалық тұрғыдан қарауға міндеттіміз. Есіңізде бар шығар, Ленин Плехановтың 5-6 жылдық өмірін айлап бөледі, оның большевик болғанын, меньшевик болғанын, «ярый меньшевик», тағы басқа жойымпаз болғанын айлап анықтаған, біз де Дулатовтың өміріне солай қарауға міндеттіміз. Маркстік-лениндік ғылыми-методология өмірдің жақсылығын, жамандығын, ащысын-тұщысын бірдей қарауға міндеттейді. Өлең сөздің бір сөзін алып тастауға болмайды.
Сәлеммен – Манаш Қозыбаев. 12 қазан, 1989 жыл».
Иә, ол азаматтық соғыс жылдарының оқиғасы. Оның өзге соғыстан көрі қасіретті және әділетсіз, сондай-ақ кешірілмейтін кекке толы болатыны да сол. Ал жауап хаттағы бір адамның өмірін үшке бөліп қарап, «диалектикалық тұрғыдан баға» беру, әрине, өз құнын жойған жорамалға жатады.
Өкініштісі, «халықтық кек» мұнымен де аяқталмаған. «Қыпшақтың ханы» Әбдіғапар Жанбосыновты «өз қанын сатқаны үшін» қандастары ұстап беріп, аттырған. Ал Омар Алмасовты кеңестен баспаналап жүрген кезінде А.Байтұрсыновтың ауылы «Ақкөлде» ата кегін қуған азамат … аңдып жүріп атқан. Бұған Санкт-Петербургтегі Кунст-камераның Ақ теңіз жағалауындағы бассүйектер қоймасында жатқан Кейкі батырдың шүйдесінен кетпенмен шабылған біз көрген бас сүйегін қосыңыз.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ
«Ұраным — Алаш» кітабынан

kultobe.kz

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста