Абылайдың шын есімі кім?
Сан ғасырлар бойы қалыптаскан қазақтың ауызша және шежірелік жазба тарихы арнайы білімі бар.
Тарихты танумен шұғылданатын кәсіби тарихшылардың еншісіне ауыскан кеңес дәуірі тұсындағы мезгілдік және тәжірибелік ауыс-түйіс шекарасы тым қысқа уақытта өтті. Оның үстіне кеңес билігі тұсында тарих ғылымында таптық идеология құрсауындағы науқаншылдық сипат басымдылыққа ие болды. Соның нәтижесінде халықтың ауызша тарихының (кең мағынада мифологиялык тарих деп аталады) көріністері, нәтижелері мұқият елеп-екшеленбей шынайы тарихқа ұласып, ұлт тарихында мифологиялық таным мен шынайы тарихтың симбиоздық сипаттары көрініс тапты. Сондай симбиоздық белгі қазақтың атақты билеушісі Абылайдың ғұмырнамалық тарихында белгі алған. Айталык, бүгінгі қазақ тарихы ғылымында «Абылайдың шын есімі кім?» деген мәселе нақты тарихи деректермен дәлелденіп айқындалмай, жыр-аңыздық баяндаулардың желісінде қалыптасқан күйінде қалып келеді. Сондықтан бүгінгі таңдағы зерттеу еңбектердің басым көпшілігінде ханның екі есімі — Абылай және Әбілмансүр, кейде үшінші есімі Сабалақ қатар аталып, «Әбілмансұр» шын есімі деген түсініктеме беру орныққан. Біздіңше, мұндай танымды тарихи шындыққа айналдырған ғалымдар (олардың ішінде аса атақтылары да бар) мынадай пайымдарды: XVIII ғасырдағы Ресей және Қытай деректерінде Абылайды «Әбілмансұр» деп ешқашан атамайтындығын, Абылайдың тікелей ұрпағы әрі оның тұңғыш биографы Ш.Уәлихановтың зерттеулерінде «Әбілмансұр» және «Сабалақ" деген есімдердің кездеспейтініні Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне кісіге азан шақырып қойған есіммен жаназа шығаратын мұсылмандық тәртіппен (шариғатпен) жерленген Абылай хан құлыптасына оның неліктен шын есімі «Әбілмансұрдың" жазылмағандығын (Жалпақ жұрт Абай деп таныған ұлы, ақынның қабіріндегі көктасқа Ибраһим деген шын есімі, қазақ-орыс Шоқан деп таныған атақты ғалымның бейітіндегі генерал-губернатор Кауфман қойдырған белгіде шын есім Мұхаммед-Қанапия жазылғандығын еске түсіріңіз); Абылайдың хандық мөрінде «Баһадүр Абылай хан бин сұлтан Уәлі» («Абылай батыр сұлтан Уәлі ұлы») деген жазудың бар екендігіні Әбілмансұр есімін алғаш ғылыми айналымға енгізген оқымысты, ақын Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресіндегі» (1911 ж.) Абылайға қатысты баяндаулардың қандай дерекке сүйеніп жазылғанын, оның қолында қандай жазба деректердің болғандығы жөнінде нақты ғылыми сараптаулардың жоқтығын қаперден шығарып алған. Әбілмансұр деген есімді жазба дерек көзіне алғаш енгізген еңбек — Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі». Автор аталмыш еңбегін «қазақтың ескі сөздерін қосып» (аңыз әңгімелерін — автор) жазғандықтан, онда нақты тарихи деректермен сәйкес келе бермейтін мәліметтер кездеседі. Сондықтан «Шежіредегі»: «…жоғарыда айтылған Салқам Жәңгірдің бір баласы Уәлибақи хандыққа өкпелеп, Үргеніштегі нағашысы Ғайып ханға барды деп едік, оның баласы Көркем Уәли, оның баласы Әбілмансұр, біздің хан Абылай дегеніміз осы Әбілмансүр еді», — дейтін мәліметі-де «қазақтың ескі сөзінен» алынғаны айқын. Халықтың ауызекі дерегі бойынша, Абылай жас күнінде Сабалақ деген есіммен жетімдік күйін кеше жүріп, кейін Абылай атанады. Сол жыр-аңыздар мазмұнының әсерінен «Сабалақ — лақап есім, Абылай — батырлық есім, ал оның шын есімі кім болған?» деген сауал өзінен-өзі туындап, ұлт тарихын зерттеуге білім мен кәсіби қызығушылық зейін араласа бастаған кезеңде «Әбілмансұр» есімі пайда болған. Аталмыш есімнің туындауының екі себебі бар деп есептейміз. Біріншіден, Абылайдың ғүмырнамасы негізінен қазақтың фольклорлық шығармаларында (аңыз. тарихи жыр, толғау) сақталып жетті. Екіншіден, қазақ тарихы ғылымында Абылай сынды атақты тұлғалардың (хандардың) бірнеше есімі (полиномия) болу сырының түп негізін, оның мәдени астары мен әдеби (фольклорлық) көркемдік құралға айналу себебін түркілік таным тұрғысынан ғылыми негізде пайымдауға қатысты зерттеудің жоқтығынан деп түсінеміз. Біздіңше, Абылай ханның азан шақырып қойған аты — Абылай, ал «Сабалақ« — көне түркілік дәуірдегі полиномия (көп есім) құбылысының дәстүрлік сипатынан айырылып, көркемдік құрал ретіндегі қолданысқа артқан кезеңде туындаған фольклорлық есім. Ад «Әбілмансұр» — қазақ оқымыстыларының лақап есім «Сабалақты» жөндеуге ұмтылған талпынысынан туындаған жаңсақ, қоспа есім. Бұл пайымдарды дәлелдеу үшін мықты дәйектер керектігін біз жақсы түсінеміз. Феноменологиялық әдістің «Бастапқыға шегіну» («Назад, к самим вещам!») деп түйінделетін басты тезисіне сүйене отырып, дәлелдің дәйек өзегін Ш.Уәлихановтың «Абылай» атты мақаласы арқылы өрбітуді жөн көрдік. Өйткені, бұл мақала — Абылай ханның өмірі мен қызметіне алғаш рет арнайы көңіл бөлген тарихи зерттеу еңбек. Зерттеуші ғалым мақаласын Абылайдың тегін сөз етуден бастайды. Ол былай дейді: «Абылай орыс жылнамаларында Сібірдің ханзадасы деп аталады. Ал шынында Абылай — Орта жүз қазақтарының XVIII ғасырда өмір сүрген ханы. Оның тегі Орта жүз сұлтандарының кенже буынынан тарайды да, үшінші атадан барып Әбілмәмбет ханға қосылады. Онымен Абылай (біздегі қағаз бойынша, Абылай сұлтан — ханның немере інісі) 1739 жылы Орынборда Ресейге мәңгі бодан болатыны туралы ант берген. Атасы (оның да аты — Абылай) Түркістанның билеушісі болып тұрған. Батырлығымен, батылдығымен аты шығып, сол үшін „қанішер“ деген қаһарлы да құрметті атаққа ие болған кісі…» Шамамен 1850 жылдардың ішінде жазылған Шоқан мақаласы ә дегеннен-ақ Абылайдың есімі жайлы екі мәселені айқындап бере алады. Олар: Ата мен немере есімі бірдей — Абылай; Сабалақ немесе Әбілмансұр есімдері Абылайға әлі таңылмаған. Демек, лақап есімдер зерттеу жазылған уақьггга, жоғарыда атап өткеніміздей, Абылай тарихында жоқ, оған әлі қосылмаған көріністер. Атакты ғалымның қаламына түскен бұл деректен бір ғасырдай бұрын, яғни 1748 жылы Абылайға катысты шежіре жазбаға түскен. Шежірені хатқа түсіруші — орыс елшісі М.Тевкелев. Онда да Абылайдьщ шын есімі-мыс «Әбілмансұр» аталмайды. М.Тевкелев Әбілқайыр мен Әбілмәмбет хандардың және Орта жүз бен Кіші жүздің беделді би — шонжарларының айтуымен жазып алған аталмыш шежіренің Абылайға қатысты тұсын былайша таратады (суретті қараныз): Орыс елшісі жазбаға түсірген шежіре мәліметі қазақ билеушілеріне Абылайдың шын есімі-мыс «Әбілмансұрдың" таныс еместігін, аңғартады. Тіпті ол есімді Абылайдың хатшысы М. Мамедов те білмейді. Өйткені ол 1768 жылы орыс үкіметіне қазақ сұлтаны жайында мынадай хабарлама береді: «Абылай сұлтанның атасы мен әкесі Ташкент қаласының хандары болған. Қаланы жоңғар қалмақтары жаулап алғанда, он жасар Абылай Түркістан қаласындағы Әбілмәмбетке барады». Әдетте, қазақ хандарынын хатшылары мұсылмандық білімі бар, бірнеше тіл білетін қожа немесе татар молдалары болып келеді. Хатшы М. Мамедов те сондай кісі болғанына күмән жоқ. Демек, ол Абылайдың азан шақырып қойған шын есімімен атауы тиіс еді. Дәл осындай уәжді мұсылмандықты берік тұтынған билеуші Абылайдың хандық мөріне қатысты да айтуға болады. Демек, XIX ғасырдың орта шеніне дейін болмаған дерек Шоқан зерттеуіне ілінбеген. Бұған қоса ол өз қолымен жазған «Хандар шежіресінде» даңқты атасын «Хан Абылай батыр» деп жазады. Жалпы, Шоқан жазып алған шежіреден Абылай хан тегінде ата есімі немереде қайталанып отыратынын байқауға болады. Айталық, бір ғана Абылайдың шежіресінде мынадай қайталаулар орын алған: Уәли сұлтан — Абылай сұлтан (Қанішер Абылай) — Уәли сұлтан (Көркем Уәли) — Абылай хан — Уәли хан (Шоқанның атасы) — Абылай (Әбен) (Уәлидің бір баласы). Олай болса, Абылайға атасы «Қанішер Абылайдың" есімі берілуі отбасылық дәстүрдің ізінде болғанына ешбір күмән жоқ. Бұл дәстүрдің қазақ арасында сақталуының бірнеше негізі бар. Біріншісі — мұсылмандық таным. Мұсылман дінін ұстанатын елдерде ата-бабаларының есімін қайталап қою көріністері жиі кездеседі. Ал қазақтың билеуші хан-сұлтандары мұсылмандық сенімді жақтаушылар және орнықтырушылар еді. Ата есімінің кейінгі ұрпақта қайталанатын дәстүрдің екінші бір сыры — халықтың ата аруағы өз ұрпағын берілген есім арқылы желеп-жебеп жүреді деген наным-сенімнің, түсініктің әсері. «Қазақтарда аруақты қастерлеу, — деп жазады Шоқан өзінің „Қазақтардағы шамандықтың қалдықтары“ атты еңбегінде, — әлі күнге дейін әулие-әнбиелеріне сиынғандай, өз ата-бабаларының атын атап көмекке шақырады. Барлық сәттілікті аруақтар жебеуімен болады деп түсінеді». Осы наным-сенім Абылай туралы халық аңыздарының мазмұнына еніп, оның ғұмырнамалық тарихынан орын алған. Тарихи, аңыздық баяндар мазмұны бойынша, жау батырына қарсы шыққан жепе-жекте Әбілмансұр ата аруағын шақырып, «Абылайлап» ұран салады. Сол ұранның арқасында жоңғар батыры Шарышты жеңіп, қазақ ханы Әбілмәмбеттің назарына ілінеді: «… Әбілмәмбет Әбілмансұрды қасына отырғызып: — Шырағым, сен кімсің? „Абылайлап“ шапқаның қалай? десе: -Мен қанішер Абылайдың немересі едім, соғыста жолы болған соң, атамның атын ұран қылдым, — дейді». Әбілмансұрдың аузынан шықңан жауап XV ғасырдағы Моғолстан ханы Ахметтің «Алашы» атанып, содан қазаққа ортақ Алаш ұранының шығу мазмұнымен-де ұқсас. Онда былай делінеді: «… Ахмет хан қазақтың әскерге жараулысын үшке бөліп (ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз), қалмақты шаба берген соң, қалмақтар Ахмет ханды „Алашы“ қойыпты. Мағынасы „жан алғыш“ дегені. Оны естіген соң Ахмет хан: „Қалмақ бұл атты қорыққан соң қойды, енді қалмақты шапқанда „алашалап шабыңдар“ деген соң, қазақтар „алашы“ деп шауып, сол қазаққа ұран болыпты“. „Жан алғыш“ (Алашы) „қанішер“ (Абылай) деген сөздердің мағыналары бір-біріне жақын, синонимдер. Бұлар — батырлық, ерлік істердің марапаты, мақтауы. „Соғыста жолы болған“ атасының аруағы Абылайдың хан тағына көтерілуіне-де септігін тигізеді. Бұл ұранды шақырмаса, ол жекпе-жекте жеңіске жетіп, үлкен даңққа ие болмас еді. Ал енді сол наным-сенімнің сыры неде? Сол сырды ашу және талдау біздің дәлелімізге оң сипат береді деп ойлаймыз. Ертедегі адамдардың түсінігінде адам баласының бұл өмірдегі лауазымдық атақтары мен ерлік істері жоғары дүние немесе о дүниелік (төменгі дүние) тылсым күш иелерінің қолдауымен болады. Бұл мифологиялық таным бойынша, өзге дүниелік тылсым күш иелерінің жердегі өкілі — шамандар (бақсылар), ал көрінбейтін рухтары — аруақтар. Шамандар адам тіршілігі мен өзге дүние тіршілігі арасында ара, ағайындық қызмет атқарады: тәңірдің дегенін жеткізеді, сәуегейлік жасайды, тілектің қабыл болуына көмектеседі, адамның басына түскен түрлі қиыншылықтардан құтқаруға ұмтылады. Тіпті, бақсылар „транс“ кезінде (бақсы талмасы) адам жанын арашалау үшін оның жан рухын іздеп қиян- қияметке толы Ерлік хан еліне-де барып қайтады. Бұл сапар, Сібір халықтарының көне мифологиялық түсінігінде, өлілер дүниесінің иесі Ерлік ханның еліне барып келу жасампаз қаһарманның аса даңқты ісі, басынан өткізген үлкен сыны ретінде бағаланған. Өзге (басқа) дүниеге өтіп, ерлік іс істеген кісі қайтадан дүниеге келген адам ретінде бағаланып, оған жаңа есім берілетін болған. Олар кісінің жаңа есімі алдағы өзге-де ерлік істерін қолдап, желеп-жебеп жүреді деп сенген. Сондықтан бұл өмірде үлкен қаһармандық істер жасаган кісілер көне мифологиядағы Ерлік ханның еліне барып-келу ісімен пара-пар құбылысқа теңеліп, оған „ер“ деген атақ беріліп, ісі „ерлікке“ бағаланады. Біздіңше, батырлардың қаһармандық ісінің атау баламасына саналатын „ерлік“ ұғымы мен „ер“ (батыр) деген әскери атақ сол Ерлік ханның есімінен бұл дүниенің қам-қаракетіне, шындығына ауысса керек. Осылайша, атқарылған ерлік іске орай кісіге жаңа есім-де беріледі. Бәлкім, кісінің жаңа есімі оның бұл дүниеден өткеннен кейін, яғни қайтыс болғаннан кейін о дүниеге аттанатын есімі болып табылуы да мүмкін. Бұл орайда, көне руникалық жазбаларда атақты тұлғалардың құлпытастарында жай есім мен ерлік есімнің катар жазылуы тегіннен-тегін емес секілді екенін атап өткіміз келеді. Кісіге ерлік есім, яғни о дүниелік есім беру дәстүрі VIII ғасырда таңбаға түскен Орхон-Енисей жазба ескерткішінде-де орын алған. Онда атақты қолбасшы Күлтегіннің ғүмырнамалық баянында: „Он яшда Умай тег өгім қатун құтына інім Күлтегін ер ат болты“ (Он жаста інім, Ұмай катын құты қолдап, Күлтегін ер есімін алды), — дейтін жыр жолдары бар. Мұндағы Ұмай — отбасының қорғаушысы, тылсым күш иесі. Мәтіндегі „Ұмай тег өгім қатун құтына“ деген тіркесті „Ұмай қатынның ишараты, бұйрығы“ деп түсіну қажет. Олай болса, Күлтегін атты ерлік есім Ұмай ананың қалауымен беріліп тұр. Өйткені Күлтегін Елтеріс қағанның кіші ұлы, яғни әкенің отына ие болып қалатын кенже ұлы еді. Осы орайда, „Күлтегін“ сөзінің этимологиясы „отбасының иесі“ (күл-отбасы, ошақ+тегін — ұл, мұрагер) дегенді білдіретінін еске салғымыз келеді. Әлеуметтік жіктелудің тамыры тереңдеген қоғамдық формацияларда жаңа есім беру сыйы таптық айырмашылықтарды айқындайтын, оның шыққан тегі бөлек жан екенін білдіретін белгі ретінде ел билеген әміршілер мен атағы шыққан батырларға таңылатын әлеуметтік құбылысқа айналады. Бұл құбылыс түркі жұртында жақсы сақталған. „Еуропалықтар сияқты, — дейді Л. Гумилев, — түріктер өлгенге дейін бір атпен жүре бермеген. Түріктің аты оның қоғамдағы орнын мегзеп тұрған. Бала күнінде оның жалған аты, бозбала шағында шені, ересек саңа кезінде лауазымы, егер хан болса, онда оның лауазымы еншілік таспихтың жүйеге байланысты өзгеріп отырған“. Ел билеген хандар мен атақты батырларға лақап есімін беру Көк түріктер мемлекетінде кең көрініс алған еді. Л. Н. Гумилевтің айтуынша, Көк түріктердің алғашқы ханы Бумын „халықтарды билеуші“ деген Елхан лауазымын алады. Ол мұны жужандарды бағындырғаннан кейін барып алған. Бумын қағанның ұрпақтары Құтылұғ пен Могилян да таққа отырғаннан кейін жаңа лауазымға лайық есімдер алады. „Білге қаған“ атауы, — деп жазады А.Аманжолов, — кісі атынан гөрі лауазымдық мағынаға жақын келеді. Өйткені Могилян (Білге ңаған) мен Күлтегіннің әкесі Құтлұғ қағандық таққа отырғаннан кейін „Елтіріш қаған“ аталды, ал оның таққа отырған кезі 682–691 жылдары болатын. Демек, қоғамдық таққа отырғаннан кейін, әдетте ол адамның атын атамай, оны лауазыммен атау шамасы дәстүрі болғанға ұқсайды. Сондықтан ескерткіштегі Могиляның өзі-де, әкесі-де „Білге қаған“ аталды. Білге қаған деген лауазым ол кезде „билік жүргізуші көреген, білгір ұлы хан“ деген ұғымды берген…». Моңғол-түркі халықтарының орта ғасырлық тарихында жаңа лауазымдық есім алған билеуші — Темучин. Шыңғыс есімін ол моңғол тектес тайпалардың басын қосып, қаған атанғаннан кейін көк тәңірінен алады. Жошы ұлысында шайбанилер династиясының негізін қалаған Әбілқайыр хан Хани-Бузуруг деген лақапқа ие болған. Моғолстанның көшпелі тайпаларын билеген хандарының арасында лақап есімі болған хан — Жүніс ханның кіші ұлы Сұлтан Ахмет. Бірақ оған лақап есім ел билеудегі көрегендігі мен даналығына емес, батырлық ерліктері үшін таңылады. Ол «Алаша хан» деген лақапты бірнеше рет қалмақтарға жеңісті жорық жасап, қалмақтарды талай қырғынға ұшыратқаннан кейін алады. Елеусіз, ерліксіз жай есім кейіпкердің алғашқы ерлігінен кейін қаһармандық есімге ауысады немесе оның ел жүрегіне ұялаған қызметіне (жаңа лауазымына) сәйкес өзгереді. Тарихтың көне қойнауында бұл ертедегі адамдардың наным-сенімінен туындаған өмірдің нақты шындығы болса, кейін ол уақыт өте келе бұрынғы маңызынан айырылып, көркем шығармаларда қаһарманды дәріптеу құралына айналады. Түркі-моңғол халықтарының әлеуметтік танымында терең орын алған лақап есім беру дәстүрі сол халықтардың фольклорлық шығармаларында — көне, аңыздарда, ертегілерде, батырлық эпостарда да кең көрініс тапқан. Онда басты қаһарманға жаңа есім беру екі түрлі жағдайда жүзеге асады. Бірі — ерлік көрсетуінен кейін, екіншісі — такқа отырғанда. Ерлік істерге жеке дара жауға шауып, асқан батырлық көрсету, жабайы, аңды өлтіру, түрлі күрес, сайыста жеңіп шығу, т.б. жатады. Бұлардың ішінде ең құрметтісі әрі қадірлісі — жауға жалғыз аттанып, қан төгіп, ерлік көрсету. Ал билеуші хан-сұлтандарға қойылатын лақап есім олардың лауазымына сай беріледі. Мысалы, көне, аңыздың желіден құрылған «Оғызнама» жырында дүниеге келген жас балаға Қорқыт «Тұман» деген есім қояды, ал кейін ол айбарлы билеуші болған уақытта сол атақ-абыройына сай «Күн хан» деген жаңа есім алады. Алтын Орда әміршілерінің бірі Едігенің лақап есімі — Құбағұл. Жұрт оны періден туып, даладан табылғандықтан Едіге атап кетеді. Қырғыздың Манас батырының есімі-де, М.Әуезовтің пайымынша, лақап есім. Ғалым өз пайымын былайша түйіндейді: «Лингвистически имя Манас должно означать либо наиме¬нование божества из пантеона шаманство, либо, вернее, оно идет из манихеизма широко распространенного в ту пору в Средней Азий. Может быть, настоящее имя прославленного героя тех времен было иное, а позже он, благодаря своим доблестям, был прозван, подобно Чингису, именем божества «Манасом». Қазақ аңыздарында да белгілі тарихи тұлғаларға лақап есімдер таңылған. Айталық, ел билеген хандардың бір тобына даналық, данышпандық қызметтері үшін (Әз-Жәнібек, Әз-Тәуке хан) «әз» деген лақап қосылса, жауға қарсы ерлік, батырлық істерімен көзге түскен қазақ хандарға «ер, салқам, баһадүр» (Есім, Жәңгір, Әбілқайыр, Абылай) деген лақап есімдер қосылып отырады. Сонымен, осы аталған көріністердің Абылайдың ғұмырнамалық тарихына қандай қатысы бар? Біздіңше, тікелей қатысы бар. Себебі, қазақ тарихындағы атақты тұлғалардың ішінде жаңа ерлік іс жасағанға дейін басқа есіммен, ал ерлік көрсеткен оқиғадан соң басқа жаңа есім алуы көрінісі қазақ жыр-аңыздарында, толғауларда кең, көркем сипатталган қаһарман — Абылай хан. Аңыз кейіпкері Абылай жастық шағында Шыңғыстық тегіне сай хандық лауазым алғанға дейін шашы өсіп, киімі жыртық болғандықтан «Сабалақ" атанып, қиыншылық пен жоқшылықтың азабын тартады. Бұл тұста біз фольклорлық шығармаларда жас жетімнің сыртқы киімінің көріксіз болып жүруі — оның шын батырлық бейнесін жасырып көрсетудің көркемдік бір тәсілі, әсіресе, бұл батырлық ертегі мен эпостарда жиі кездесетінін атап өткіміз келеді. Қаһарманның ерлік көрсеткенге дейін сыртқы киімі көзге қораш, жыртық-жамау болып, өзі елеусіз (тазша, қойшы т.б) жүруі — бүкіл жер жүзі халықтарының ауызекі шығармаларына кең тараған мотив. Ол халық туындыларында қоғамның ең қорғансыз жандарын (идеализация обездоленных) дәріптеуге кең пайдаланылады. Аталмыш мотивтің түп-төркіні, фольклортанушылардың пайымынша, көне шамандық түсініктерге тіреледі. Мысалы, Шор шамандарының түсінігінше, ауырған жанның рухын өлілер дүниесінен алып келу үшін көзге ұрынбайтын, елеусіз арнайы киімді — өлілер киетін киімді киіп өту керек. Қоғам дамып, соған сай адам баласының сана-сезімі езгерген уақытта көне мифтік түсінік фольклорлық көріктеу құралдары түрінде көркем шығармаға өтеді. Сөйтіп, өлілер дүниесіне өту үшін қажетті шаманның шын бет-пердесін жасыратын елеусіз киім көне батырлық ертегілер мен эпостық жырлардың басты кейіпкерлеріне ауысады да, енді ондай елеусіз, далба- дұлба киім кейіпкерлердің шын батырлық бейнесін жасырады. Ал таптық қоғам туып, әлеуметтік жіктелу пайда болған кезеңде көне мотив жаңа заманға лайық өзгереді. Сыртқы ұсқыны, киген киімі көріксіз, кір-қожалақ, шашы таз ертегі кейіпкерлері (Тазша, Алдар Көсе, Аяз би) — көне түсініктің өзгерген сарыны. Бұлар көріксіз, ұсқынсыз болса да, керекті уақытта, ақылды, қу, тапқыр болып шыға келеді, бай мен билеушілерді түрлі сәттерде жеңіп шығып отырады. Абылай да ел жүрегінде ерекше орын алған эпикалық қаһармандар секілді асыл тегін «әдейі» жасырып, елеусіз күн кешеді. Оның батырлық есім алуы фольклорлық шығарманың көркемдік қиялы арқылы суреттеледі. Жыр-аңыздар қаһарманға ел көзіне түскенге дейінгі елеусіз есім (фольклорлық есімді) — Сабалақты таңады және оны тарихи тұлға Төле би қолында тәрбиелетеді. Кейін ерлік көрсеткен соң, оған батырлық есім «Абылайды» береді. Бұл, тағы да қайталап айтамыз, көркем қиялдың көрінісі. Ал сол халық қиялындағы тарихты жөндеуге ұмтылған талпыныстан туған «Әбілмансұр» есімінің Абылайға таңылу уақыты шамамен XIX ғасырдың 80-жылдары деп жобалауға болады. Сол жылдары 25 жастағы Шәкәрім, ақын кейін «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» арқау болған деректерді өзінің «Қазақтың түп атасы» деген өлең түріндегі шығармасында жырға қосады. Бұл — 1883 жыл. Осылайша Абылай дүниеге келгеннен соң 170 жылдан кейін ол қосымша қоспа есім алып, оны біздің тарих шын есім етіп қабылдап келеді. Қорыта келгенде, Абылай ханның шын есімі — Абылай. Сабалақ — фольклорлық есім. Әбілмансұр кейінгі ұрпақ берген жаңсақ есім. Осы танымды тарихи, ақиқатқа айналдыру — бүгінгі күннің, ғылымның міндеті деп білеміз.
"Мәңгілік ел" - Халықаралық ғылыми-көпшілік журналы,
Алмасбек ӘБСАДЫҚОВ, филология ғылымдарының докторы
e-history.kz