Абылай бахадұр хан
Алаш ұлының Ақтабан-шұбырындыдан соң қайта оңалуы, Қазақ Ордасының төре таңбалы қызыл туы қайта көтерiлуi, бұрынғы кенере толып, ежелгi қуатына жетпесе де, бiртұтас қуатты мемлекет ретiнде қалпына келуi – Абылай хан есiмiмен байланысты.
Абылай-бахадұр хан 1713 жылы туады. Соңғы кезде әдебиетте айтылатын, ресми түрде қабылданған 1711 деген сан – бiлместiктен шыққан долбармен алына салған. Бұрынғы-соңғы ешбiр тарихи құжатта Абылай 1711 жылы туып, жетпiс жасқа келiптi деген мағлұмат жоқ. Керiсiнше, барлық дерек 1713 жылға тiреледi. Мәселен, Ресейдiң Сiбiр шебi әскерлерiнiң әмiршiсi генерал-майор Огаревтiң Сыртқы iстер коллегиясына 1781 жылы мамыр айында жазған құпия қатынасында: “Осы жылғы мамыр айының 23-i күнi маған хабар жеттi: қырғыз-қайсақ ордасының ханы Абылай жасы алпыс тоғызға қараған шағында, жорық үстiнде ауырып, дүние салыпты” деп жазады. Орысшасы: “будучи в походе, от приключившейся ему болезни умер на шестьдесят девятом году...”. Нақпа-нақ аударсақ, “алпыс сегiзден асқан шағында” болып шығады. Осыған жалғас, Абылайдың ұлы Уәли сұлтанның Ресей патшайымы Екатерина Екiншiге жолдаған хатында да осы дерек қайталанады. Бұл құжаттардың барлығы да “Россияның сыртқы саясатының архивiнде” сақталған, баспа бетiнде де жарияланған, орыс оқымыстылары талай рет пайдаланған. Яғни, жер астында жатқан құпия дерек емес. Қазақ арасында сақталған тарихи жырларда, ақын-жырау шығармаларында да Абылайдың 68 жасқа келiп өлгенi, оның iшiнде 48 жыл билiк құрғаны, алғаш рет жиырма жасында аты шыққаны туралы нақты айтылады.
Сонымен, талассыз ақиқат – Абылай 1713 жылы туған. Екi жылдың ары-берiсiнде не тұр деуге болмайды. Өйткенi Абылай өмiрi, оның белгiлi бiр жас кезеңдерi елеулi тарихи оқиғалармен тiкелей байланысты.
Абылайдың ата тегi белгiлi. Арғы бабасы – Шыңғыс хан, Жошы хан, бергi бабасы – Қазақ Ордасының негiзiн салған Әз-Жәнiбек, одан соң Еңсегей бойлы Ер Есiм хан, Салқам Жәңгiр хан. Барлық уақытта елге тiрек болған, жұрт ұстаған әулет. Қысқа қайырсақ, қазақтың төре деген тектi руы.
Абылайдың өз әкесi Уәли сұлтан жаугершiлiк, шапқын кезiнде қазаға ұшырайды да, кейiн Абылай хан аталған жас бала Әбiлмансұр бүкiл ел абыржыған опалаң-топалаңда мүлде панасыз қалады. Бұл, сiрә, Ақтабан-шұбырынды кезеңi болса керек. Әбiлмансұр бала Ораз дейтiн құлының арқасында жан сақтап, бұғанасы бекидi.
Абылайдың аруағы көтерiлуi – жиырма жасында. Жоңғармен арадағы үлкен соғыстардың бiрiнде ешкiмге мәлiмсiз жас жiгiт Әбiлмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қоңтажы Қалден-Сереннiң жақын туысы Шарышты өлтiредi. Қанды сайыс Әбiлмәмбет хан бастаған қалың әскердiң рухын көтерiп, қазақтардың үлкен жеңiсiне жол ашады.
Бұл қай жылғы, қай соғыс? 1728 жылғы Бұлантыдағы, немесе 1730 жылғы Аңырақайдағы соғыс деп шамалайды бiздiң тарихшыларымыз бен жазушыларымыз. Қисынға келмейдi. Абылайдың 16-17-ақ жаста болуы өз алдына, бұл кезде Орта жүздiң ханы Сәмеке әлi тiрi, тарихи құжаттарда онымен қатар Әбiлмәмбет сұлтанның ғана есiмi аталады.
Абылайдың жиырма жасы 1733 жылға сәйкес келсе, дәл сол 1733 жылы қазақ пен қалмақ арасында үлкен майдан болғаны қытай деректерiнде атап көрсетiлген. Кемелiне келiп, күшi тасып тұрған қалмақтың қалың қолы ауыр жеңiлiске ұшырайды. Азғана бөлгi азып-тозып, Жоңғарға әрең жетедi. Абылай ерлiгi танылған, Абылай жол ашқан даңқты ұрыс – осы екенi күмәнсiз.
Бұл – Абылай қатысқан алғашқы соғыс болмаса керек. Шешушi майданда бүкiл қазақтың бас батыры ретiнде белсенiп шығу үшiн қайрат пен жүрек қана емес, мол тәжiрибе де керек едi. Әбiлмансұр баланың кiшiгiрiм соғыстарға, жекелеген шайқастарға қатысып, әскер өнерiне, әсiресе, жекпе-жек жайына әбден машыққаны күмәнсiз. Ел әңгiмелерi, тарихи жырлар Сабалақ әуелде Қанжығалы Бөгембайдың соңына ерiп, тұтқиыл, шағын жортуылдарға қатысқанын айғақтайды.
Әбiлмансұрдың жекпе-жектегi өзгеше қайраты, одан соңғы жаппай қырқыстағы батырлығы халық санасына айрықша әсер еткен. Түркiстан түбiндегi Қарнақ қаласын билеген, жауға мейiрiмсiздiгi, ержүректiгi үшiн Қанiшер Абылай атанған үлкен әкесiнiң аруағын шақырып, Абылайлап ат қойған Әбiлмансұр жеңiстi ұрыстан соң үлкен абыройға жетедi. Орта жүздiң сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделдi әмiршiлердiң бiрiне айналады. Бұдан соңғы жерде Әбiлмансұр есiмi ұмытылып Абылай атанады. Ұлыстағы бар өкiм, ол да Салқам Жәңгiр әулетi, Әз-Тәуке ханның немересi Әбiлмәмбет ханнан өтiп, күнi кеше жалаң қылыш, жалғыз атпен жүрген жиырма жасар Абылайдың қолына көшедi. Бұл арада Абылайдың ерлiк кейпiне, ақыл-парасатына бас ұрып, бар билiктi қолынан берген, бақастық, күндестiктi бiлмеген, алдағы уақытта өзгеше туған iнiнiң ақылшы ағасы, кеңесшi хан дәрежесiмен шектелген Әбiлмәмбетке бас имеске болмайды. Билiкке құмар замандағы мұндай мәрт мiнез – ел мүддесiн қасиет тұтқан өзгеше сананың көрiнiсi.
Жиырма жасында билiкке жеткен Абылай жарты ғасырға жуық ұзақ уақыт бойы – тура қырық сегiз жыл өкiм құрады. Әрине, Абылай әмiрi барлық уақытта бiр деңгейде болған жоқ. Әуелде Орта жүздiң ғана сұлтаны деп есептелсе, мезгiл оза келе бүкiл қазақ жұртының ұлы ханы дәрежесiне жетедi. 1740 жылдардан бастап ежелгi Қазақ ордасының үштен екi бөлiгiнде билiгi жүрген Абылай ғасырдың 60-жылдарында қазақтың үш жүзiне түгел иек артады. Көп ұзамай-ақ Абылай сонау Тәуекел хан, Есiм хан заманындағы, Салқам Жәңгiр, Әз-Тәуке заманындағы ежелгi Қазақ Ордасын қалпына келтiредi; сол кездегi тарихи құжаттардың айтуынша, 1771 жылы қазақтың үш жүзi – Ұлы жүз, Орта жүз, Кiшi жүздiң хандары мен сұлтандары, билерi мен батырлары, барлық игi жақсысы Түркiстан қаласында, мұсылман әулиесi Хожа Ахметтiң қасиеттi күмбезiнде ата жұртының ежелгi дәстүрi бойынша, Абылайды ақ киiзге көтерiп, үш алаштың ханы деп жариялайды. Содан, 1781 жылғы мамырда дүние салғанға дейiн Абылай Қазақ Ордасының ұлы ханы ретiнде хүкiм етiп, билiк құрады.
Өзiнiң жауынгерлiк жолын даңқты жекпе-жектен бастаған Абылай хандық жолын да ат үстiнде аяқтайды – қазақтың ежелгi қаласы Ташкенттi дәргейiне келтiрген жеңiстi жорықтан қайтқан сапарында, Арыс өзенiнiң жағасында қайтыс болады. Артында отыз ұл қалады. Кейiн Есенгелдi, Саржанды, Кенесары, Наурызбайды, Шоқанды, Сыздықты туғызған әулет. Ата даңқына лайық мұрагерлер.
Абылайдың қазақ елiн қайтадан көтеру жолындағы күресi қырық жылдан астам уақытқа созылды, өте ауыр болды, абыроймен аяқталды.
Жас Абылай жұрт тiзгiнiне жеткен кезде ежелгi, бiртұтас қазақ мемлекетi құлап, жеке хандық, жеке билiктерге айналғанына жиырма жылдай болып қалған едi. Ұлттық сана күштi, алаш бiрлiгi ұмытылмаған, бiрақ ойрат шапқыны, Ақтабан-шұбырындыдан соң шылпара ыдыраған мемлекет, қырылып-жойылған халық ендi қайтiп бас көтерместей, ешқашан ес жимастай көрiнген. Ресей империясының қазақ жерiн бөлшектей жүрiп, бiржола жаулап алу жолындағы зымиян саясаты қазақты елдiгiнен мүлде айыруға тиiс едi. Ертеңгi күндi ойлауға шама жоқ, бүгiнгiнiң өзi бұлдыр болатын.
Қазақтарды ығыстырып, қырғынға ұшыратып, Жетiсуды, бүкiл Оңтүстiк өңiрдi жаулап алған, өздерiн Дүрбiн-Ойрат атайтын Жоңғар немесе Қалмақ хандығы бiздiң ата жұртымызға бiржола орнығуға ниет еткен, Күшi кемелiне келiп тұрған аса қуатты қалмақтар жекелеген ұрыстарда бетi қайтқанымен, үлкен майданда түбегейлi жеңiске жеткен, бұл өктемдiк ешқашан бұзылмастай көрiнген.
Орыс елшiлерiнiң, орыс саясатшыларының сол кездiң өзiнде айтқаны бар, қазақ әмiршiлерi тiзе қоса қимылдаса, қалмақтың талқанын шығарар едi деген. Бiрақ бұл – мәселенiң бiр ғана жағы. Қазақтар қолайлы кезеңдi өткiзiп алған. Әз-Тәуке өлгеннен соңғы жерде билiкке ұмтылған, алаштың бiрлiгiн бұзып, жеке орда көтерген Әбiлқайырмен мәмлеге келу мүмкiн емес деп есептеген хан, сұлтандардың әрқайсысы-ақ өз ұлысында берiк iрге тебуге ұмтылады, жалпы қазақтың жайын емес, оның шектеулi бiр бөлiгiнiң ғана қамын қамдайды.
Орталық Азиядағы ахуалды, әскери iс пен саяси жағдайды анық байыптаған Абылай қалмақ басқыншылығынан құтылу мәселесiн бiрiншi кезекке қояды.
Сырттан ешқандай көмек жоғына көз жеткен. Дiнi бiр, тiлi туыс, тiлегi де орайлас болуға тиiс Орта Азия хандықтары қазақтарға қол ұшын бермейдi, дәл iргесiне келiп, лықып тоқтаған қалмақтарға сес көрсетуге де жарамайды, қайта өз бауырларының шалғайына жармасып, әлсiреген қазақ хандығының құйқалы қонысынан еншi алып қалуға тырысады. Ал сырттан иеленiп, қазақтарды өзiне бодан санай бастаған құдiреттi Ресей мемлекетi сол халықты қырып-жойып бара жатқан жоңғарға қарсы бес солдат шығармайды, бiр дүркiн оқ атпайды. Сондықтан Абылай туған халқының қажыр-қайратына ғана сенедi. Жұртты жауға қарсы жұмылдырып, Орданың әскери қуатын арттырады.
Абылайдың бейбiт күндердегi ел iшiндегi билiгi, әдiлдiгi мен парасаты оның кемеңгерлiгiн танытып, даналығын мойындатады, халықтың сенiмi мен пейiлi әмiршiнiң беделiн көтерiп, хүкiмiн күшейте түседi. Ел билеу iсiнде қазақ хандығының ежелгi заң-жарғыларын қалпына келтiрген Абылай әскери iсте де өткендi қайта тiрiлтедi. Көшпендiлердiң Шыңғыс хан заманынан берi сүйекке сiңген соғыс машығын кеңiнен қолданумен қатар, жаңа жағдайға сай әдiс-тәсiлдер шығарып отырады, жеке қосындардың белсендiлiгiн арттырумен қатар, бiр, екi емес, ондаған жылдарға созылуы мүмкiн үлкен соғыстың стратегиялық жоспарын жасайды...
Сөйтiп, ешбiр халықтың тарихында болмаған, аяусыз жүргiзiлген екi жүз жылдық ойрат-қазақ соғысында қазақтар түпкiлiктi жеңiске жетедi. Абылайдың әскери және саяси үлкен ұтысқа жетуi қазақпен көршiлес Ресей империясына да ұнамайды. 1745 жылдан бастап қазақтарды жорық жолынан айнытуға тырысқан, ендi олардың бiржола күш алуынан қауiптенген Ресей шекараға әскер жияды, Жоңғарды иеленiп қалу жайын ойластыра бастайды. Бiрақ Ойрат ұлысына үш жүз жылдан берi көз тiгiп отырған Қытай бұрын қимылдайды. Әмiрсананы өзiнiң заңды тағына отырғызамыз деген сылтаумен, 1755 жылы жазғытұрым Жоңғарияға басып кiредi.
Iшкi қайшылықтар мен өзара қырқыстан, Қазақ Ордасының тынымсыз соққысынан әбден әлсiреген, оның үстiне ел билiгiне Әмiрсана келедi деп алданған Дүрбiн-Ойрат елеулi қарсылық көрсете алмайды. Соңғы үш жүз жыл бойы қалың қытай мен бүкiл түрiк әлемiнiң арасындағы берiк қорған болып келген, саны басым жауға қарсы қайтпай соғысып, өзiнiң тәуелсiздiгiн сақтаған қалмақ жұрты айналасы екi-үш ай iшiнде Мәнжу-Цин империясының табанына түседi.
Қытай әскерлерi Қалмақ Ордасына келiп кiрген кезде жеңiстi жорық жолындағы Абылай да қалың қолмен Жоңғарияда тұр едi.
Қытай императоры қазақ ханына арнайы елшiлiк арқылы мәлiмдеме хат жолдайды. “Сiздер бұрын өлүттермен тынымсыз жауласып келдiңiздер,– деп жазады бұл хатта. – Бiздiң аспан әулетi әскер аттандырған кезде Дабашымен соғысып жатыр едiңiз. Ендi Жоңғар жерi тыныштанды. Барлық жұрты бiздiң қызметшiмiз болып табылады. Бұдан былай сiздерге де бiздiң дәргейiмiзге құлдық ұрсаңыздар, мейлiнше жарылқар едiк. Ал дербес ел болып отыруды қаласаңыздар, өз шекараларыңызды сақтап, бейбiт тұруға рұқсат. Бұдан былай бiздiң жаққа басып кiруге тыйым салынады, егер бұрынғыны қоймасаңыздар, өзiмiздiң жеңiмпаз әскерiмiздi аттандырып, жазаға тартамыз”,– делiнедi бұл ресми мәлiмдемеде.
Әрине, Жоңғар онсыз да талқандалған, ал тәуелсiз елге өз туын биiк ұстау үшiн ешкiмнiң де рұқсатының керегi жоқ. Бiрақ Қазақ мемлекетi мен Қытай мемлекетi алғаш рет шекараласып, түйiскен кезеңде жазылған бұл құжаттан өзiн жарым дүниенiң әмiршiсi деп есептейтiн Мәнжу-Цин боғдұханы қазақтардың күш-қуатын анық бағамдағаны байқалады. Абылай билiгiндегi Қазақ Ордасының дербестiгiн, тәуелсiздiгiн танығаны көрiнедi.
Кейiнiрек, өз қолбасыларына арнаған жарлықтарында Еженхан Цяньлун (Хун Ли): “Бұл қазақтар бұрын өз алдына ел болып отырған екен, бiз оны мойындауға тиiспiз”, – деп атап жазады. Қазақтар мен өлүттердi айыра қарау қажетiн ескертедi. Қазақтардың өздерi тыныштық сақтаса шекарадан асып соғыспау керек дейдi. Осыған керiсiнше, жауланған Жоңғарды ендiгi жерде уысынан шығармауға бекiнген берiк шешiмiн бiлдiредi.
1756-1757 жылғы қазақ-қытай соғысының тарихы әлi жазылған жоқ. Бұл – бiздiң қаһарман халқымыздың ерлiк шежiресiндегi өзгеше бiр тарау.
Абылай басшылық еткен алаш әскерi әуелi Жетiсуда Қалмақ-Толағай тауының етегiнде, одан соң Аягөз бойында Цин әскерлерiне ауыр соққылар бередi.
Мұндай сәтсiздiктi күтпеген император Цяньлун торығып, осының алдында ғана бүкiл Шығыс Түркiстанды тiзе бүктiрген Хадаха мен Дардананы керi шақырады, осылардың орнына Фу Дэ және Чжао Хуэй деген қолбасыларын жiбередi.
Қытай әскерлерiнiң саны, әрине, қазақтардан әлденеше есе артық едi. Ауыр ұрыста үлкен шығынға ұшыраған, өзi жараланған Абылай керi шегiнуге мәжбүр болады. Бiрақ шынайы құжаттардың айтуына қарағанда, бұл – Абылайдың әскери жеңiлiсi емес, үлкен стратегиялық жеңiсi едi. Қазақтар өзiнiң негiзгi күшiн сақтап қалады, бiрде оңнан, бiрде солдан шығып, тынымсыз шайқасады, ордалы ұлысын алғызбайды.
Соғыстың екiншi жылына ауғанда Дүрбiн-Ойрат бiржола талқандалады. Еженхан Цяньлунның жарлығы бойынша, қалмақ жұрты еңбектеген баласынан еңкейген кәрiсiне дейiн тегiс қылышқа шалынады, сол заман үшiн саны өте көп болып есептелетiн бiр миллиондық ойрат халқы жер бетiнен мүлде өшедi.
Қалмақты қанға бөктiрген Цин әскерлерi от-жалын шашып, 1757 жылдың жазында қазақ жерiнiң шегiне тағы енедi. Абылай әскерiн түзiп, қарсы шығады. Бiрақ бiрнеше шолғын ұрыстан соң жау қосындыларының он есе көп екенi, бетпе-бет соғыста тоқтату мүмкiн емесi белгiлi болады.
Бұл кезде Мәнжу-Цин саясатшылары да қазақтарды тiзе бүктiру оңайға түспесiн, кең далада тынымсыз әрi ұзақ күрес күтiп тұрғанын ұққан едi.
Абылай 1757 жыл, 15 мамырда қолбасы Фу Дэге келiссөзге азғана жасауылмен Әбiлпейiз сұлтанды аттандырады.
Айдын-Су деген жерде шүршiттiң маңдай қосынымен беттескен Әбiл-пейiз сұлтан амалсыз ұрысқа кiрiсуге мәжбүр болады, алғашқы қақтығыстан соң жаушы шығарып, қытай жағына iс мәнiсiн ұғындырады. Бұдан кейiн қолбасы Фу Дэнiң шатырына жол ашылады. Әуелгi мәмле нәтижесiнде қазақ пен қытай арасындағы кең көлемдi ұрыс қимылдары тоқтатылады. Атап айтарлық бiр жағдаят – қазақ әмiршiлерi мен қытай қолбасылары арасындағы келiссөз қалмақ тiлiнде жүрiптi.
Көп ұзамай бейбiт бiтiм туралы келiсiмге қол жетедi. Екi жұрт арасында елшiлiк алмасу рәсiмдерi болады.
Бұл арада, империялық өзiмшiл ұғымдағы қытай шежiрелерiнен бастау алып, кейiнгi тарихқа көшкен бiр қате дерекке назар аудару қажет. Абылай ешқашан өзiнiң халқын бодандыққа байламаған, қытай императорының билiгiн мойындаймын, бағыныштымын деп ант бермеген Абылай атынан жазылған мұндай құжат ешбiр тарихта жоқ. Абылай елшiлерi Пекинде тек тату көршiлiк, бауырластық туралы ғана сөз қозғаған. Жүздесулер, келiссөздер барысында сарай ұлықтарының бодандық туралы ишаратын қабылдамай, табанды тойтарыс берiп отырған.
Сол кездегi дипломатия тiлiне көшiрсек, Цин императоры мен қазақ ханының арасында “ағалы-iнiлi қатынас” орнайды, ал бұл кезде бодандық жүйе – “әке мен баланың арасындағы қатынас” деп аталатын.
Бiр сөзбен айтқанда, жеңiмпаз қолбасы, көреген саясатшы Абылай хан жерiн жауға алғызбайды, елiн сақтап қалады, тәуелсiздiк туын берiк ұстайды.
Жоңғар талқандалып, шығыстан шыққан жаңа көршiмен бейбiт қатынас орнап, ел етек-жеңiн жиған, ұлыстағы саяси ахуал бiрашама оңалған шақта Абылай ежелгi Қазақ Ордасының төрт бұрышын түгендеуге кiрiседi.
1756, 1770 жылдары Қырғыз ұлысына қарсы жорық ашып, Iленiң сол жағасын, Шу бойын тазартады, етекке түскен ағайынды Алатаудан асырып, қазақ пен қырғыздың Нарынқолдан Қордайға тартылған, күнi бүгiнге дейiн сақталып отырған шекарасын айқындайды.
1771 жылы Едiл қалмақтарын талқандайды. Өмiрiнiң соңғы он бес жылында Орта Азия хандықтарына қарсы тынымсыз күрес жүргiзiп, Түркiстан, Шымкент, Сайрам қалаларын қайтарып алады, Ташкенттi бодандыққа түсiредi, бүкiл оңтүстiк өңiрдегi ата мекендi Қазақ Ордасының дәргейiне келтiредi. Бұл тарапта Абылай хан бекiтiп кеткен межеден бiз совет өкiметi жылдарында ғана айырылдық.
Абылай заманындағы Қазақ Ордасының шекарасы қазiргi Қазақстан территориясынан әлдеқайда кең едi. Абылай заманындағы қазақ рухы да қазiргiден биiк болатын.
Бiрақ “Орнында бар оңалар” деген. Бiр кездегi ордалы ел қаншама заманғы қапастан соң қайтадан ту көтередi. Қандай жұрт болғанын, қандай ұлдар туғызғанын ендi ғана естiп, тани бастады. Абылайды туғызған халық ақыр түбiнде өзiнiң оң жолын табары, межелi биiгiне жетерi күмәнсiз.
(Мұхтар Мағауиннiң 1993 жылы
жазылған “Абылай-бахадұр хан”
атты мақаласынан үзінді)