Жыландар ести ме?
Бауырмен жорғалаушылардың төресі жыланның құлағы жоқ қой. Дегенмен олар дыбыс ести ме?
Еркін ТАСБОЛАТ, Ақтау
Шығыс әпсанасы бойынша жыланды сыбызғы, қурай тектес үрмелі аспаптың үнімен иіріп әкетуге болады. Соған қарап, олардың музыкаға елитіндей есту қабілеті нәзік деп ойлауға болады. Шындығында, олай емес. Жыландар мүлдем естімейді. Олар өзге тұрмақ, өзінің де дыбысын естімейді. Жылан атаулыға тән шырылдау, тіпті улы жыланның ысылдауы – олардың ескертуі.
Дегенмен Жаратушы есту қабілетінің жоқтығының орнын көзінің төмен жағындағы екі терең жарғақпен толтырған. Олар құлақтың орнын алмастырып тұрған жылуға, яғни инфрақызыл сәулеге өте әсершіл келеді. Қоршаған ортадан бірнеше градус температураға жоғары затты сезетін жарғақтары жүйке талшықтарымен жалғасқан. Оның үстіне бұл мүшесі тек жылу сәулесін ғана қабылдамайды. Олардың тереңіректе орналасуы жылудың келіп тұрған бағытын да айқындауға мүмкіндік береді.