Жұмыс істемеген көпбалалы анаға зейнетақы тағайындала ма?
Менің анам жеті бала тапқан. Қазір жасы 52-де. Бұрын жұмыс істемеген, жеті бала туған әйелдерге зейнетақы немесе әлеуметтік төлемдер тағайындала ма, тағайындалса, қанша жастан, қанша көлемде?Майра Жайдарханова, Қызылорда облысы
ҚР-ның «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңына сәйкес отбасының жан басына шаққандағы орташа айлық табысы облыста (республикалық маңызы бар қалада, астанада) белгіленген азық-түлік себетінің құнынан төмен болған жағдайда анаңыз 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақыға үміткер бола алады. Жәрдемақы бір балаға ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді. «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» Заңына сәйкес бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары, оның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін ұйымдарда, жоғары оқу орындарында күндізгі оқу нысанында оқитын балалары бар көпбалалы отбасыларға, балалары кәмелеттік жасқа толғаннан кейін олар оқу орнын бітіретін уақытқа дейін (бірақ, әрі дегенде жиырма үш жасқа толғанға дейін) 3,9 АЕК мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Сонымен қатар ҚР-ның «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес төрт және одан да көп бала туып, оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасқа толғанда, жасына байланысты зейнетақы алуға құқылы.