«Жетілген сүт» деген қандай сүт?
Бірде теледидардан «нәрестені емізгенде әсіресе жетілген сүттің маңызы өте зор» дегенді естіп қалдым. Осыны түсіндіріп берсеңіздер.
Аяжан, Ақтөбе қаласы
Ана сүтінің құрамы мен мөлшерінде түрлі өзгерістер орын алады. Босанғаннан кейін алғашқы күндері әйел емшегінен уыз шығады. Уыз – нәрлілігі аса жоғары, ақуызға, витаминдерге, микроэлементтерге, фременттерге, биологиялық жағынан белсенді заттарға бай сарғыштау келген қоймалжың зат. Уыз жаңа туған нәрестені иммундық жағынан түрлі аурулардан қорғауды қамтамасыз етеді, себебі оның құрамында өте көп мөлшерде иммуноглобулиндер мен антиденелер бар. Оның құрамында функционалдық жағынан әлі пісіп жетілмеген ішектің дамуына ықпалдасатын өсу факторлары – тағамның жылдам ыдырауына әрі сіңірілуіне көмектесетін ферменттер бар.
Ана сүтінің құрамы кейін біртіндеп өзгеріп, мөлшері көбейеді. Әуелі уыздан сүтке ауысады, ал содан соң (шамамен екінші аптаның соңына қарай) жетілген сүт шығатын болады. Оның құрамында майлар мен лактоза көбірек болады. Жетілген сүт әуелгі және кейінгі болып бөлінеді. Әуелгі сүтте ақуыз, микроэлементтер, витаминдер барынша мол болады, сүттің қуаттылық құндылығы осы майларға байланысты. Кейінгі жетілген сүттің құрамында сондай-ақ су болады, ол тіпті жазғы аптап ыстықта да баланың шөлін қандырады. Сондықтан емшек емізетін аралықта сәбиге су немесе шай ішкізудің қажеті жоқ. Емізген кезде сәбиге емшек сүтінің толық бөлігін берудің маңызы зор. Сонда бала ағзасы барлық қажетті нәрлі заттармен толығады.