Жасанды жер сілкінісі не үшін қажет?
Өткен айларда жер сілкінісі туралы алып-қашпа әңгімелер жиі айтылып кетіп еді. Сол кезде «мамандар жойқын зілзаланың қаншалықты шығын әкелуі мүмкін екенін анықтау үшін жерасты дүмпуін қолдан ұйымдастырмақшы» дегенді де естіген болатынбыз. Бұл рас па?
Алмас МОЛДАБЕКОВ, Алматы қаласы
«Сейсмология институты» ЖШС сайтындағы мәліметке қарағанда, өткен айларда елімізде жер сілкінісі мен соның салдарынан болатын техногенді апаттарға әзірлік жұмыстары жүргізілді. Бірақ оқу-жаттығу шаралары кезінде жасанды жер сілкінісі ұйымдастырылған жоқ. Алайда зілзала қаупін мүмкіндігінше дәл басқару үшін мұндай әдіс әлемдік тәжірибеде қолданыла бастаған. Айталық, жуырда Израильдегі Негев шөлі аумағында магнитудасы үш балға жуық жерасты жасанды дүмпулері жүргізілді. Ол үшін сейсмологтар 80 тонна тротилді жарып жіберген. Бұл сынақ Израиль аумағының сейсмикалық ерекшеліктерін, соның ішінде жарылыс әсерінің өзге елдерде байқалу жағдайларын анықтауға мүмкіндік туғызды. Израильдегі жасанды жер сілкінісінің әсері Германия мен Францияда да байқалыпты.