Жаны жүдеу адам суыққа төзімсіз келеді екен
Канададағы Торонто университетінің психологтары суықтың қоғамнан оқшауланған, жалғыз, жаны жаралы адамдарға басқаларға қарағанда артығырақ әсер ететінін анықтады. Сондай-ақ зерттеу ауа температурасы мен адамның психологиялық ахуалы арасында байланыс барын көрсетіп отыр.
Psychological Science басылымында жарияланған мәлімет бойынша, психологтардың зерттеуіне жалғыздық пен басқа да қиындықтарды бастан кешкен бір топ ерікті қатысқан. Сынақ-тәжірибе кезінде қиын сәттерін еске түсірген адамдардан бөлме температурасының қандай екенін сұрағанда, олардың дені денелерінің тоңази бастағанын айтыпты. Ал түрлі көңілді тақырыпта өзара әңгіме-дүкен құрған еріктілер бөлменің жылы екеніне күмән келтірмеген. Сондай-ақ компьютер футболын ойнау кезінде ойыннан шығып қалғандар ыстық шай, ал оны ақырына дейін ойнағандар салқын сусын ішуді қалады. Мамандар осылайша психологиялық жағынан қандай да бір ауырлық сезінген адамның суыққа төзімсіз келетінін және қыс мезгілінде негативті эмоцияларға жиі берілетінін дәлелдеп шықты.