Жалақы төлеуде магистратурада оқып жатқаны ескерілмей ме?
Менің қызым педагогикалық институтты бітіріп, магистратурада сырттай оқып жатыр. Еңбек өтілі – үш жыл. Оған бакалавриат бітіргендермен бірдей жалақы төлеп отыр. Осы заңды ма? Оның магистратурада оқып жатқаны ескерілмей ме?
Амангелді ЖҰМАЛЫ, Қызылорда облысы Қазалы ауданы
Еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу басқармасының сарапшы маманының мәліметіне қарағанда, азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы №1400 қаулысымен (бұдан әрі – қаулы) реттеледі.
Қаулыда бекітілген азаматтық қызметшілердің (білікті жұмысшыларды қоспағанда) санаттар бойынша лауазымдарының тізіліміне сәйкес, біліктілігі жоғары деңгейдегі мұғалімдерге еңбекақы төлеу – G-9, біліктілігі орта деңгейдегі мұғалімдерге G-11 санаты бойынша жүргізіледі.
Бүгінде БЛЖ мөлшері 17 697 теңгені құрайды.
Лауазымдық жалақыны есептеуде қолданылатын коэффициенттер қаулыға 2-қосымшада бекітілген.
Білім саласы қызметкерлерінің еңбек жағдайлары үшін төленетін қосымша ақы мен үстемеақылар – қаулыға 4-қосымшада, ал санаты үшін қосымша ақы 19-қосымшада қарастырылған.
Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне жалақы есептеу ережесі Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 29 қаңтардағы № 40 бұйрығымен бекітілген.