Дүниежүзілік пошта конвенциясы қашан жасалған? Қазақстан Дүниежүзілік пошта одағына мүше ретінде тіркелген бе?
Ришат СҮЛЕЙМЕНОВ, Павлодар қаласы
Дүниежүзілік пошта конвенциясы «Берн келісімшарты» деп те аталады. 1874 жылы Бернде алғаш жасалған халықаралық-құқықтық бұл келісім халықаралық пошта байланысын реттеуге негізделген. Швейцария үкіметінің күш салуымен Бернде 1874 жылы 15 қыркүйекте халықаралық пошта қызметіне қатысты үлкен халықаралық конференция өткен еді. Бұл жиын тарихта Бірінші Дүниежүзілік пошта конгресі ретінде қалды. Әлемнің 22 елі қатысқан аталмыш басқосуда «Жалпыға ортақ пошта келісімшарты» қабылданған болатын. Кейіннен1878 жылы Дүниежүзілік пошта одағы құрылғаннан кейін бұл келісімшарт «Дүниежүзілік пошта конвенциясы» болып өзгертілді. Сол уақыттан бері пошта ісінің дамуына орай аталмыш конвенцияға біршама өзгерістер енгізілді. Конвенцияның соңғы редакциясы 1994 жылы Сеулде өткен Дүниежүзілік пошта конвенциясында жасалып, 1996 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Конвенцияда Дүниежүзілік пошта одағына мүше 190 елге ортақ халықаралық пошта қызметіне қатысты ережелер қамтылған. Мысалы, маңызды хат және бағалы бандероль жіберу, ақша аударымдары секілді қызметтер келісімшартта көрсетілген талаптар арқылы іске асырылады. Қазақстан да ДПО-ына мүше мемлекеттердің қатарында.