Үш ішекті домбыраның артықшылығы неде?
Қазақта екі ішекті домбырадан бөлек, үш ішекті домбыра бар ғой. Оның қандай ерекшелігі бар? Және ол домбыраны тарихта кімдер тартқан? Бүгінгі таңда орындаушылары бар ма?
Еркежан СЕЙІТҚАЗЫ, Ақмола облысы
Үш ішекті домбыра – көне түркі фольклорлық аспабы. Үш ішекті болған соң, екі ішекті домбырадан үндестігі артық. Астыңғы мен ортаңғы ішектер оң бұрауда (кварта), ортаңғы мен жоғарғы ішектер теріс бұрауда (квинта). Үш ішекті аспап қазақ, қырғыз, моңғол, алтайлықтарда бар, әсiресе, Алтай-Тарбағатай аймағында көп қолданылған. ХІХ ғасырда Семейдің Шыңғыстау өңірінің өнерпаздары, Абайдың айналасындағы ақын, шәкірттері тартқан. Абайдың өзі тартқан үш ішекті домбыра Жидебайдағы қорық-мұражайда сақтаулы. Еліміз Тәуелсіздік алған тұста Елбасымызға бата берген қария Шәкір Әбенов те үш ішекті домбырада ән салып, айтысқан.
Жоғалып бара жатқан көне аспапты 60-жылдары қайта жаңғыртып, тудырушы күйші, өнертанушы ғалымдар Болат Сарыбаев, Жарқын Шәкерім. Ол кісілер үш ішекті домбыраға арналған көне сарындарды өңдеп, күйге айналдырған. Бұл аспапты меңгерген шәкірттері де бар.