ТМД құру идеясы Беловеж келісімінен басталған ба?
КСРО-ның қайтадан қалыпқа келмейтінін әлемге мәлімдеген Беловеж келісімі жайлы білгім келеді. «Бұл келісім ТМД-ның құрылуына өзіндік ықпал етті» деген пікір қаншалықты орынды?
Күлпаш, Жезқазған қаласы
1991 жылғы тамыз бүлігінен кейін орталықтың билігі күннен-күнге әлсіреп, одақтас елдерде саяси толқулар күшейді. Сол себепті де Минскінің маңайындағы Беловеж орманында Ресей, Украина, Беларусь Республикаларының басшылары Беловеж келісіміне қол қойды. Бұған жауап ретінде 1991 жылы 12 желтоқсанда Ашхабад қаласында Орталық Азия республикалары президенттері (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан) кездесу өткізіп, өзара одақтастық жөніндегі шартқа қол қойды және өздерінің Беловеж келісімімен толық келісетіндіктерін мәлімдеді. Бұған қоса олар Беловеж келісіміне қатысушы елдерге және басқа да бұрынғы одақтас республикаларға жаңа одақтық шарт жасасу жөнінде үндеу жолдады. Сол үндеудің нәтижесінде бұрынғы КСРО аумағында жаңа одақ – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) құрылды. Сол себепті де ТМД құру идеясына Беловеж келісімінің ықпалы болғанын жоққа шығара алмаймыз.