Титулды ұлт деген не?
Осы БАҚ беттерінде көп қолданылатын «титулды ұлт» ұғымының анықтамасы қандай? Бұл ұғымды кім ұсынды?
Жасын КЕНЖЕТАЙ, Алматы
Титулды ұлт – белгілі бір мемлекеттің халқының негізгі бөлігін құрайтын, мемлекеттің ресми атауы мен мәнін, бағыт-бағдарын айқындаушы ұлт. Бұл мемлекетқұрушы ұлттың табиғи әрі заңды артықшылық жағдайы, мақсат-мұраты, ұлттық өмір салты, талап-тілектері барлық жағынан қорғалуға, кеңінен қолдауға ие болуы тиіс. «Титулды ұлт» ұғымын ең алғаш болып ХІХ ғасырдың соңғы шенінде әйгілі француз ақыны және ұлттық қозғалыстың саяси қайраткері Моррис Баррес енгізген. Баррестің тұжырымы бойынша, доминантты этникалық топтың тілі мен мәдениеті мемлекеттің діңгегін құрайтын болса, бұл титулды ұлт саналады. Бұл ретте Баррес «титулды ұлт» ұғымын ұлттық азшылықты құрайтын этникалық топ өкілдерінен аражігін нақты бөліп қарастырып, әрқайсысына тиесілі міндет-жауапкершіліктерді айқындап береді. Саяси әдебиеттегі баррестік тұжырымдама бойынша ұлттық мемлекеттің іргесі шайқалмай, айрандай ұйып тұруы үшін екі шарт болуы керек. Біріншіден, ұлттық азшылық пен этникалық топтар мемлекетқұрушы ұлтқа лояльды болуы, яғни ыңғайына көнуі міндет. Ал, екіншіден, мемлекетқұрушы ұлт өз ішіндегі аз ұлттарды қолдап, қорғаштап отыруы қажет. Демек, бұл жерде титулды ұлттың мәселесі бірінші кезекте тұрады. Тіпті Еуропаның кейбір елдерінде титулды ұлт туралы арнайы заңдар қабылданған. Қырғызстанда да титулды ұлт туралы заң қабылдау ұсынылған.