Тәуелсіздікке қатысты жаңа фильмдер түсіріле ме?
Тәуелсіздікке қатысты Қалдыбай Әбеновтің «Аллажар» фильмі бар. Енді Тәуелсіздікке, Желтоқсан оқиғасына қатысты қандайда бір фильмдер түсіріле ме?
Дәурен Ермекбайұлы, Алматы қаласы
Дидар АМАНТАЙ, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы, жазушы:
– «Қазақфильмде» түсіріліп жатқан фильмдердің барлығының Тәуелсіздікке қатысы бар. Өйткені оның барлығы – Тәуелсіздіктің арқасында дүниеге келіп жатқан туындылар. Бүгінге дейін «Қазақфильмде» Желтоқсан оқиғасына қатысты үш фильм түсірілді. Оның бірі – Қалдыбай Әбеновтің «Аллажар» көркем фильмі. Екіншісі – Қалықбек Салықовтың «Любовники декабря» фильмі, үшіншісі – Талғат Теменовтің «Бегущая мишень» фильмі. Бұл аз емес. Алда, құдай қаласа, сценарийлердің түсуіне қарай бұл тақырыпты тағы да қарастырамыз деген ойдамыз. Мен өзім де 1986 жылы қақаған қыста Желтоқсан оқиғасына қатыстым. Сондықтан бұл күн – мен үшін да аса бір қымбат күн. «Қазақфильм» болашақта мұндай фильмдерді түсіруді, сондай-ақ Тәуелсіздіктен кейінгі жылдардағы жүріп өткен жолдарды да назардан тыс қалдырмайды. Оның барлығы да тарихта алтын әріптермен жазылатын болады. Өйткені қазақ үшін Тәуелсіздіктен асқан мақсат, мұрат, мүдде жоқ деп ойлаймын. Тәуелсіздік – қазақ үшін ең бірінші үлкен құндылық.