Тәуелсіздік монументінің авторы кім?
Тәуелсіздік монументі қай жылы тұрғызылды және оның авторы кім?
Болат БАЙМҰРЗАЕВ, Жамбыл облысы
Тәуелсіздік монументі 1996 жылы Алматыдағы Республика алаңында Қазақстан Тәуелсіздігінің бес жыл толуы құрметіне биік обелиск түрінде тұрғызылды. Монументтің авторлары: архитектор Ш.Уәлиханов (топ жетекшісі), мүсіншілері Н.Далбай, Ә.Жұмабаев, сәулетшілері Қ.Жарылғапов, Қ.Монтақаев т.б. Бас конструкторы С.П. Каламкаров. Тәуелсіздік монументі сол жылы 16 желтоқсанда ашылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен Түркия Президенті С. Демирель қатысты.
Қазақтың қолданбалы өнерінен тамыр тартқан Тәуелсіздік монументінің негізгі ортасында композициясы ұлттық өрнекпен көмкерілген текшелі діңгек тастан құралып, оның биіктігі 28 метрге жетеді. Көк аспанға қарай шаншыла бой көтерген орталық діңгектің ұшар басы қауызы ашылмаған қызғалдақ тәрізді жұмырланып мүсінделген әрі оған Қазақстанның Елтаңбасы ойылып түсірілген. Оның үстіңгі жағындағы қоладан құйылған қанатты барыстың үстінде оң қолында қыран құсы, сол қолында садағы, белінде қанжары мен асынып алған қорамсағындағы сауыт, бұзар алтынға малынған жебелері бар дулығалы жас сарбаздың құрыштай мығым бітім-тұлғасы (биіктігі – 6 м, ал салмағы – 4 т) аса айбарлы кейіппен Тәуелсіздік монументінің беріктігі мен ауқымдылығын айқын аңғартады.