«Танго күні» деген де бар ма?
Кешегі күнді бір ақпарат көздері «Танго күні» деп хабарлап жатты. Шынымен де, бұл ресми белгіленген күн бе әлде мен қағыс естідім бе?
Нұрзада МЕРГЕНБАЙ, Алматы
Халықаралық Танго күні жыл сайын 11 желтоқсанда, «Танго королі» атанған белгілі аргентиналық әнші әрі биші Карлос Гардельдің туған күнінде аталып өтеді. Танго биі Буэнос-Айрес қаласының маңындағы шағын порттарда 19-20 ғасырлардың тоғысында пайда болған деген пікір. Осы жерлерде көптеген халықтардың мәдениеттері бір-бірімен ұштасып, кубалық хабанераның, африкалық кандомбаның, аргентиналық милонгидің, испандық фламенконың және шетелдік матростардың әр жақтан әкелген билерінің ырғақтары қосылып, жаңа бір би туған деседі.
Танго алғашында көп бидің бір түрі ғана болғанымен, біршама уақыттан кейін дараланып шығып, қоғамда жоғары мәртебеге ие болды. «Танго» сөзінің алғашқы мағынасы «негрлерді биге, барабанда ойнауға шақыру» дегенді білдіріпті. Бүгінгі күні бүкіл әлем сүйсіне билейтін осынау танымал бидің он шақты түрі кездеседі.