Суық су қауіпті ме, әлде жылы су ма?
Шомылу кезінде суы жылы өзен-көлдерден гөрі суы салқын өзен-көлдерге кетіп қайтыс болатын адамдар саны басымырақ болып жатады. Мұның сыры неде?
Ғалым АРТЫҚОВ, Алматы қаласы
Әдетте шомылу кезінде жылы суға қарағанда суық сулы шомылу аймақтары қауіптірек саналады. Суық суға түсіп кеткен адам көбіне 10-30 минут аралығында суық өтіп қайтыс болады. Сондай-ақ суық судағы 5-15 минут қимылсыздық суықтан талуға және өлімге әкеліп соқса, суық судан шығарылып, аман қалғанның өзінде суға кеткен адам жиі-жиі есінен танады екен. Ағзаның мұндай жалпы салқындауы қатты шаршағанда, ашыққанда және адамның мас күйінде тезірек болатын көрінеді. Физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты әйелдер суық суға төзімдірек келсе, ер адамдардың жүрегі 4-5 минуттан соң-ақ тоқтап қалуы мүмкін. Суық суда клиникалық өлім 30-60 минутқа созылса, жылы суда 5-6 минутқа созылады. Тұщы суға батқан адам 1-3 минутта, ал теңіз суында 7-8 минутта қайтыс болады. Сондықтан суық суда әрбір секунд қымбат саналады.