Сотталғандармен кездесудің тәртібі қалай?
Сотталғандармен кездесудің қандай түрлері бар, кездесуге қашан келуге болады?
Жарас, Алматы облысы
Бас бостандығынан айырылған адаммен кездесудің екі түрі беріледі: ұзақтығы төрт сағатқа дейін қысқа мерзімді; ұзақтығы үш тәулікке дейін ұзақ кездесулер түзеу мекемесі аумағында арнайы жабдықталған үй-жайларда тұруымен, сондай-ақ түзеу мекемесінен тыс тұру арқылы ұзақтығы бес тәулікке дейін ұзақ кездесулер. Бұл жағдайда ТМ бастығы кездесудің тәртібі мен өтетін жерін анықтайды (мысалы, соттағанның немесе оның туысқандарының қаражаты есебінен қалалық қонақүй). Туған-туыстарымен немесе өзге адамдармен қысқа мерзiмдi кездесулер түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi өкiлiнiң қатысуымен берiледi. Ұзақ кездесулер жұбайымен (зайыбымен), ата-аналарымен, балаларымен, асырап алғандарымен, асырап алынғандарымен, аға-iнiлерімен, апа-сiңлiлерімен, аталарымен, әжелерімен, немерелерімен, ал түзеу мекемесі бастығының рұқсаты бойынша өзге адамдармен бiрге тұру құқығымен берiледi. Сотталғандарға ұзақ және қысқа мерзімді кездесулерге бір уақытта екі ересек, олармен бірге сотталғандардың кәмелетке толмаған аға-інілері, апа-сіңлілері, балалары, немерелері келе алады. Сотталғанмен кездесуге келген тұлғалар өздерімен бірге жеке тұлғаны, сондай-ақ олардың сотталғанмен туыстық байланыстарын куәландыратын құжаттары болуы тиіс. Атап айтқанда, төлқұжаты, әскери билеті, жеке бас куәлігі, туу туралы куәлігі, неке туралы куәлігі, қамқорлық және қорғаныш органдарының құжаттары. Кездесуге келген тұлғалардың киімдері мен заттары тексеріледі. Егер кездесуге келген тұлғалар тексеру рәсімінен бас тартқан жағдайда, оған сотталғанмен ұзақ кездесуге рұқсат берілмейді. Мұндай жағдайда ұзақ кездесудің орнына оған қысқа мерзімді кездесу ұсынылуы мүмкін. Кездесу өткізуге арналған бөлмеге сотталғандармен қысқа мерзімді кездесуге келген тұлғалар өздерімен бірге қандайда бір азық-түліктерді немесе киімдерді алып кіруге рұқсат етілмейді. Ұзақ мерзімді кездесулерге келген тұлғаларға азық-түліктерді алып кіруге рұқсат беріледі (тыйым салынған заттар мен арақ-шарап өнімдерінен басқа).