Салмақ қосқыңыз келмесе, жүзім жемеңіз
Жаз-күз айларында сауда орындарында қызылды-жасылды көкөністер қаптайды. Әсіресе жүзімнің бірнеше түрін кездестіруге болады. Бұл жемістің адам ағзасына қандай пайдасы бар?
Нұржан АРМАНҰЛЫ, Алматы қаласы
Жүзім жеміс-жидектердің ішінде дәруменге ең бай өсімдік болып табылады. Мұның құрамынан А, В және С дәрумендерін, калий, магний, кальций, йод, марганец және күкіртті кездестіруге болады. Адамның иммунитетін күшейтіп, жүйкені тыныштандыратын бұл өсімдік – аллергия мен буын ауруларының алдын алуда таптырмайтын ем. Дәрігерлердің айтуынша, түстен кейін қос уыс жүзім жеу немесе оның бір кесе таза шырынын ішу дене мен ми жасушаларына өте пайдалы. Жүзімнің құрамындағы табиғи фруктоза денедегі жұмсалатын қуаттың аз уақытта қайта қалпына келуін қамтамасыз етеді. Дегенмен емдік қасиеттерге бай бұл өсімдіктің адам ағзасына кері әсер ететін тұстары да жоқ емес. Мәселен, бұл жемісті артық салмақтан жапа шегетін адамдардың абайлап жегені абзал. Себебі құнарлылық тұрғысынан 1 келі жүзім 1 литр 150 грамм сүт, 390 грамм ет, 300 грамм нан және 1 келі 200 грамм картопқа тең көрінеді.