Сайлау құқығының түрлерін білеміз бе?
ҚР азаматтарының сайлау құқығы қандай? Төте сайлау құқығы және жанама сайлау құқығы дегенді естіген едім. Осыларды түсіндіріп берсеңіздер.
Жалын Құныпияұлы, Алматы
Бәсең сайлау құқығы – Қазақстан азаматтарының, оларға қойылатын талаптарға сәйкес келген жағдайда, ҚР Президенті, ҚР Парламентінің, мәслихаттарының депутаты немесе жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшесі болып сайлану құқығы.
Тең сайлау құқығы дегеніміз – сайлаушылардың Президентті, Республика Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарын сайлауға тең негізде қатысады және олардың әрқайсысы тиісінше бір сайлау бюллетені бойынша бір дауысқа ие дегенді білдіреді. Сайлаушылар жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлауға тең негізде қатысады және олардың әрқайсысы тең дауыс санына ие. Кандидаттар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңмен белгіленген шекте сайлауға қатысуға құқылы.
Төте сайлау құқығы – Президентті, Республика Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін азаматтардың тікелей сайлауы.
Жанама сайлау құқығы – Парламент Сенаты депутаттарын сайлауға таңдаушылардың – мәслихаттар депутаттары болып табылатын Қазақстан азаматтарының қатысуы. Таңдаушылар сайлауға тең негізде қатысады және олардың әрқайсысы бір дауысқа ие.