«Қоянды жәрмеңкесі» қашан құрылған?
Ел ішінде «Қоянды жәрмеңкесі» туралы көп айтылады. Онда негізінен қандай сауда түрлері жүргізілген? Оның негізін қалаған кімдер?
Асқар МӘМЕТҰЛЫ, Қызылорда
«Қоянды жәрмеңкесі» (1848–1930) кезінде Орталық Қазақстанда өткізіліп отырған ең ірі маусымдық сауда орны болған. Қарқаралы қаласынан 50 шақырым жердегі Талды өзенінің бойында орналасқан. Талды өзенінің бойында орналасуының басты себебі, сатуға әкелінген малды уақытша жаюға жері құнарлы, суы мол, шөбі шүйгін. Осы орайда, жәрмеңке комитеті сату малын жаюға 55 шақырым жер бөлген.
Кейбір деректерде осы жәрмеңкенің негізін қалаушы Ялуторовскілік көпес Ботов деп көрсетіледі. Жәрмеңкенің алғашқы саудасы ашық аспан астында және қазақы киіз үйлерде жасалса, 1871 жылдан бастап арнайы сауда балағандары салына бастаған.1869 жылы Семей губерниясының әскери губернаторы Полторацкий мен Қарқаралы уезінің бастығы штаб-капитан Тихонов Қоянды сауда орнын жәрмеңке ретінде тануға бұйрық шығарып және осы кезден бастап бірде «Қарқаралы», бірде «Қоянды» деп аталып жүрген жәрмеңке «Ботов» атауына ие болады. 1869 жылы 12 қыркүйекте Батыс Сібір Бас басқармасының кеңесі Қоянды жерінде жыл сайын 15 маусымнан 15 шілдеге дейін жәрмеңке ұйымдастыруды бекіткен. Жәрмеңке тек саудада ғана емес, қазақ өнерінің дамуына да үлес қоса білген. Мұнда біртуар талант иелері Майра, Әміре, Қали, Иса, Қажымұқан өнер көрсеткен. Жәрмеңке қазақ даласының алғашқы сауда элитасын қалыптастырған.1928 жылы жәрмеңкеде «Халық үйі» жұмыс істеп, мұнда қазақша спектакльдер қойылған. Оқу залының есебінде 3300 адам болған. Патша өкіметіне саяси қарсылық ретінде 14 мың адам қол қойған атақты «Қарқаралы петициясы» осы жәрмеңкеде туған.
1930 жылы жәрмеңкенің құрылыстары жаңадан құрылған колхоздарға берілді. Қазір мұнда бұрынғы «Қоянды» совхозынан бөлінген шаруа қожалықтары бар.