Өткен ғасырдың басында елімізде бірқатар партиялар құрылғаны белгілі. Десек те, қазақтың тұңғыш саяси партиясы ретінде қай партияны атауға болады. Ол партияны кімдер құрған?
Ербол Малыбаев, Алматы облысы
Қазақ зиялылары құрған тұңғыш партия 1905 жылы желтоқсан айында Орал қаласында өткен сиезде жасақталып, «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясы» деген атауға ие болған. Бұл саяси ұйымды ұйымдастырушылар қатарында Б.Қаратаев, Ғ.Бердиев, М.Бақыткереев т.б. қазақ зиялылары болды. Осы сиезде «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясының» бағдарламасы және жарғысы қабылданды. Бұл құжаттар татар тіліндегі «Әл- ғаср-ул-жәдид» газетінде жарияланған. Мәтін соңында «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясының» мүшелерінің есімі көрсетілген. Мысалы, С.Қаратаев, Ғ.Бердиев, М.Бақыткереев, И.Тоқбердиев, Х.Досмұхамедұлы, Н.Ипмағамбетов, М.Мұқанов, Ғ.Рақымбердиев, Ізбасаров, Ү.Дүйсембин… Бағдарлама мынадай бөлімдерден тұрады: азаматтардың негізгі еркіндіктері, патшалықтың қалпы, халықтың өзін-өзі билеуі, сот, дін, жер, алым-салық, жұмысшылар, мектептер, партия жұмысы. Бұл құжат – мерзімі жағынан Қазақстандағы партиялар тарихындағы ең алғашқы бағдарлама болып саналады. Соған қарап, оны ұлт-азаттық қозғалыстың алғашқы кезеңіндегі маңызды оқиға деп қабылдауға да болады деп білеміз.
Қазақтың тұңғыш партиясы қалай аталды?
Последние статьи автора