Қазақстанда қанша елшiлiк бар?
Қазақстан қанша елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан? Шетелдердегi Қазақстанның, Қазақстандағы шетелдiк елшiлiктердiң саны қанша?
Алмас ЖҰМАБЕК, Ақтөбе қаласы
Қазақстанда елшiлiктер мен халықаралық ұйымдардың жұмыс iстеуi – бұл республиканың халықаралық аренадағы белсендi қызметi мен беделiнiң айқын дәлелi болып табылады. Бүгiнде Қазақстанда 75 елшiлiк пен халықаралық ұйымдардың өкiлдiктерi жұмыс iстейдi. Былтырғы жылы Астанада шетелдердiң 12 елшiлiгi ашылған. Олардың бесеуi жұмысын жаңадан бастаса, жетеуi Алматыдан көшiп барғандар. Елбасы өткен жылы 20 төтенше және өкiлеттi елшiден Сенiм грамотасын қабылдады. Қазақстан әрдайым сыртқы байланыстарды нығайтуға, халықаралық ұйымдармен тығыз бiрлесiп жұмыс iстеуге мүдделiлiк танытып келедi. Қазақстан Республикасы өзiнiң тұңғыш елшiлiгiн Түркия мемлекетiнiң көмегiмен 29 қазан 1992 жылы Анкарада ашты. Ал Қазақстанда алғаш елшiлiгiн ашқан – АҚШ. «Елдестiрмек – елшiден» дегендей, қазiр Қазақстан 121 елмен дипломатиялық қатынас орнатты. Бүгiн Қазақстанның БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ сияқты 68 халықаралық ұйымда өкiлдiгi бар. Шетелдерде қазақстандық 50 мекеме, соның iшiнде 32 елшiлiктiң тұрақты өкiлдiктерi, екi дипломатиялық миссия, үш бас консулдық, бiр төлқұжат, виза қызметi жұмыс iстейдi.