Қатыгездік әрекет те әкеден балаға беріле ме?
Баз біреулер адамның кейбір қабілеттері, мысалы, музыкаға, шешен сөйлеуге, ақындыққа, математикаға бейімдігі және т.б. қасиеттері тұқым қуалайды деп жатады. Қазір біздің елімізде адам өлтіру, тонау, қарақшылық жасау, зорлау секілді қатыгездік әрекеттер көбейіп барады. Ертеңгі күні қатыгездік әрекеттер де тұқым қуалап жүрмей ме?
Маржан ОСПАНОВА, Оңтүстік Қазақстан облысы
Бұл сұраққа Жалпы генетика және цитология институты директорының орынбасары Бақытжан БЕКМАНОВ жауап береді:
– Негізі, әке-шешенің кейбір қасиеттері балаға берілетіні рас. Интеллектуалдық қабілеттің ұрпақтан-ұрпаққа тұқым қуалайтындығы дәлелденген. Оған күмән жоқ. Мысалы, жастар 50 пайыз қабілетті ата-анасынан алса, 50 пайызын қоршаған ортаның әсерінен алады. Егер текті ұрпақтың тұяғын ұлттық бағытта тәрбиелеп, отаншылдыққа баули алсақ, ол баладан ешқашан қатыгездік шықпайды. Ең бастысы, тегімізді, генімізді таза ұстасақ, балаларымызды ұлттық тәрбиемен тәрбиелесек, онда біздің ұтарымыз көп. Бұл – мәселенің жақсы жақтары ғана. Дәл осы секілді қатыгездік, ашуланшақтық, кедір-бұдыр мінез де тұқым қуалайды. Енді жақсы қабілет атадан балаға берілгенде, неге нашар мінез тұқым қуаламасқа?! Ол да – атадан балаға берілетін белгілердің бірі. Оны бөліп-жарудың керегі жоқ. Бірақ бұл жерде қоршаған ортаның да көп әсері барын ұмытпағанымыз жөн. Мәселен, ашуланшақтық, күйгелектік баланың генінде болса, алайда сыртқы орта оған жайлы, жақсы болып тұрса, онда ол мінездер ешқашан сыртқа шықпайды. Ал сыртқы ортада күйбең тіршілік, ұрыс-керіс көп болса, онда нашар мінездер де активтеніп, өз ықпалын көрсете бастайды. Нәтижесінде, адам бойында қатыгездік, жауыздық пайда бола бастайды. Біз, өкінішке орай, ауру түрлерінің тұқым қуалайтындығын ғана зерттейміз де, атадан балаға берілетін мінездердің ішкі факторларына көп жағдайда үңілмей жатамыз. Сондықтан ұрпақтан-ұрпаққа берілетін қабілеттерді де жан-жақты ғылыми тұрғыдан зерттейтін уақыт жетті.