Қандай сыбызғы күйлері бар?
Бізде ежелден келе жатқан қандай сыбызғы күйлері бар? Қазақта қандай мықты сыбызғышылар болған?
Талғат, Алматы облысы
Музыкатанушылардың айтуынша, қазақтың бағдарламалық сюжетке құрылған «Бұлбұл», «Нар идірген», «Боз інген», «Ақсақ құлан», «Салауат», «Бәтимә», «Мұңды қыз», «Кең жайлау», «Жоқтау», «Той бастар», «Аңшының зары», «Кеңес» тағы басқа да күйлері қазақ халқының тарихы мен өмірімен тығыз байланысты. Халық арасында Сабыр, Сармалай, Садық, Макар, Шерубай, Сүлеймен, Ы.Уәлиев, О.Қожабергенов, Ш. Ауғанбаев секілді көптеген атақты сыбызғышылардың есімдері белгілі. Көбінесе сыбызғы күйлері октава көлемінде, сазды болып келеді. Қазақстанның әр жерінде сыбызғының жасалуында, күйлерінде көптеген ерекшеліктер бар. Мысалы, Шығыс Қазақстанда сыбызғы үш ойықты, Батыс Қазақстанда төрт ойықты түрінде кездеседі. Шығыс Қазақстанның күйлері халық әндерінің мақамына жақынырақ болып келеді. Аспаптың жойылып бара жатуы себепті қазіргі таңда сыбызғы күйлерінің де көбі ұмытыла бастады. Сыбызғы күйлерін кейбір домбырашылар да шебер орындайды.