Қандай мәліметтер құпияландыруға жатпайды?
Қазіргі кезде ақпараттың қайсысы құпия, қайсысы құпия еместігін біле бермейміз. Осы қандай мәліметтер құпияландыруға жатпайды?
Еркебұлан, Алматы облысы
«ҚР Мемлекеттiк құпиялар туралы» Заңының 17-бабында құпияландыруға жатпайтын мәлiметтер келтірілген. Мына мәлiметтер: 1) азаматтардың қауiпсiздiгi мен денсаулығына қауiп төндiретiн төтенше жағдайлар мен апаттар және олардың зардаптары туралы, сондай-ақ табиғи зiлзалалар, олардың ресми болжамдары мен зардаптары туралы; 2) экологияның, денсаулық сақтаудың, санитарияның, демографияның, бiлiм берудiң, мәдениеттiң, ауыл шаруашылығының жай-күйi туралы, сондай-ақ қылмыстылықтың жай-күйi туралы; 3) мемлекет азаматтарға, лауазымды адамдарға және ұйымдарға беретiн артықшылықтар, өтемақылар және жеңiлдiктер туралы; 4) азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылу фактiлерi туралы; 5) Қазақстан Республикасы Ұлттық банкi алтын-валюта активтерiнiң және бағалы металдар мен асыл тастардың үкiметтiк (бюджеттiк) резервiнiң мөлшерi туралы; 6) мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың, олардың лауазымды адамдарының заңдарды бұзу фактiлерi туралы; 7) осы Заңның 14-бабында көзделген мәлiметтердi қоспағанда, саяси, әлеуметтiк және басқа себептер бойынша жаппай қуғын-сүргiндер туралы, соның iшiнде мұрағаттарда жатқан мәлiметтер құпияландырылмауға тиiс.