Қайтатын уақыт болғанын құстар қалай біледі?
Қыстың беті қайтып, көктем лебі сезіле бастады. Енді біраз күннен кейін жыл құстары да қайтып оралады. Менің таңғалатыным, бізде көктем шыға бастағанын олар қалай біледі? Оңтүстікте үнемі күн жылы болып тұрады емес пе?
Жазира НҰРБАҚЫТҚЫЗЫ, Жаркент қаласы
Мамандар туған өлкесіне қайта ұшатын мезгілдің жеткенін құстар күннің ұзарғанына қарап білетіндігін айтады. Мысалы, көктемнің хабары білінісімен оңтүстікте де күн ұзара бастайды. Бұл арада құстардың қайтатын уақыттары да әртүрлі болады. Негізі, қанатты достарымыздың 60-тан астам түрі жыл құстары болып есептеледі. Олар демалып-демалып ұшатындықтан, жолдың өзіне екі айға жуық уақыт кетеді. Ал құстардың түрлі қиындықтарға қарамастан, Отанына оралуына олардың тіршілікке неғұрлым қолайлы орта іздейтіндігі себепкер болады. Мысалы, жазда оңтүстікке қарағанда солтүстік аймақтарда күн мейлінше ұзақ болады. Бұл құстардың күні бойы қорек іздеп, балапандарын қиындықсыз асырауына көбірек мүмкіндік береді.