Парағылым мен жалған ғылымның айырмасы не?
Кейбір кітаптарда парағылым және псевдоғылым деген сөздер жиі кездеседі. Бұлар не дегенді білдіреді?
Айдана, Алматы қаласы
Парағылым (гректің «пара» сөзі төңірек, маңай дегенді білдіреді) – ғылыми әдістемені ғылыми емес және ғылымнан тыс нәрселерге тануды көздейтін идеялық-гипотетикалық, теориялық және псевдотеориялық тұжырымдамалар мен ілімдердің жиынтығы. Ғылыми тұрғыдан танылмаған құбылыстарды зерттейтін ілім-білімдерді де парағылымға жатқызуға болады, мысалы, парапсихология мен адам сенгісіз оқиғаларды (парақалыпты) зерттейтін басқа да ізденістер. Қалыпты жағдайлардан тыс нәрселерді зерттейтін парағылымдарды квазиғылым деп те атайды. Ал псевдоғылым деген ұғым сәл басқа, оның анықтамасы – саналы және бейсаналы түрде ғылым еместі ғылым санау, қарапайым тілмен айтқанда, жалған ғылымдар. Ғалымдар олардың қатарына алхимияны, астрологияны жатқызады. Ең ежелгі псевдоғылымдардың бірі – адам психикасы мен оның бассүйек пішіні арасында байланыс бар деп есептейтін френология ілімі.