Өзбекстан ЖОО-ларының дипломы Қазақстанға жарай ма?
Мен Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында 1986-1992 жылдар аралығында педагогикалық институтты оқып бітірдім.
Дипломым орыс және өзбек тілінде кириллица алфавитімен жазылған. Дипломның мөрі бұрынғы КСРО-нікі. Менің дипломымды нострификациялау қажет пе?
Баратбек АХМЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысы
Сіздің бұл сауалыңызға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі маманы жауап береді:
– ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің 1992 жылғы 15 мамырдағы «Білім саласындағы ынтымақтастық туралы» келісімінің негізінде осы кезеңге дейінгі ТМД елдерінің білім туралы құжаттары автоматты түрде жарамды деп есептеледі. Сондықтан сіздің Ташкент педагогикалық институтын бітіргеніңіз жөніндегі дипломыңыз да жоғарыда аталған келісімге байланысты танылуы тиіс.